Көршілері ұстап берген: Көлігін 5 минуттан артық қыздырған алғашқы қазақстандыққа айыппұл салынды
Петропавлдық ер адам көлігін 5 минуттан артық қыздырып, айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ер адамды полицияға көршілері ұстап берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: avtoshkola-flagman.ru
Әлеуметтік желілерде тараған мәлімет бойынша, көршілерінің бірі оның әрекетіне наразы болып, "102" нөміріне қоңырау шалып, полиция шақырған. Соның нәтижесінде көлік иесіне 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынған. Бұл жағдай өңір тұрғындарының арасында қызу талқыға түсті. Олар мұндай айыппұлдың әділетсіз екенін айтады. Себебі ауа температурасы кейде -40 градусқа дейін төмендейтін аймақта көлікті 5 минутта жылыту мүмкін емес. Бұл тұрғыда өңірдің климат ерекшеліктері ескерілмегені сынға қалды.
Ішкі істер департаменті бұл талаптың жаңалық емес екенін, Жол жүрісі қағидаларының 20 жылдан бері бар бөлігі екенін түсіндірді. Олардың мәліметінше, егер көлік қозғалтқышы қосулы күйде 5 минуттан артық тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, көлік иесіне Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 597-бабының 1-бөлігі “Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу” бойынша айыппұл салынады.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті мұндай айыппұлдардың жаппай салынбайтынын, тек тұрғындардан шағым түсіп, жеткілікті дәлелдер болған жағдайда ғана шара қолданылатынын айтты. Ер адам көршілерін осылай "көмек бергені" үшін кекетіп, алғыс білдірген. Осылайша ер адам дәл солар бұл оқиға туралы жеткізді деп болжады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салынатынын жаздық. Тұрғын аудандарда қозғалтқышы қосулы көліктің тоқтап тұруына тыйым салынған. Егер қозғалтқыш қосулы жағдайда 5 минуттан артық тұрса, 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).
Ереже бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін көліктің мемлекеттік нөмірі көрсетілген және 5 минуттан асқанын дәлелдейтін видео қажет.