"Коронавирус жалған, қолдан жасалған дүние": Нұрлан Еспанов коронавирус жайлы не айтты
Елімізде тарап жатқан коронавируске байланысты билік өкілдері халықтан мүмкіндігінше үйде болуды өтінді. Танымал жандар мен қазақстандық әртістер де халықты сабырға шақырып, үйден шықпауды сұрап жатыр. Алайда Нұрлан Еспановты бұған қатысты айтары басқа. Оның айтуынша, елде дүрлігетіндей жағдай жоқ. Короновирус қолдан жасалған деген пікірде.
Нұрлан Еспанов видео арқылы елде болып жатқан төтенше жағдайға пікір білдірді.
"Елімізде болып жатқан коронавирус ауруы жалған. Қолдан жасалған. Кеше шетелде, Түркияда, Египетте жүрген достарым "бәрі тыныш" деп хабарлады. Бұлай дүрбелеңге түсіп, шошудың керегі жоқ. Вирус ұнға, тамаққа жұқпайды ғой. Сондықтан қорқудың, маска тағып жүрудің керегі жоқ. Мұның бәрі өткінші", - деді әнші видео жүктемеде.
Қазақстандық блогер, суретші, бірнеше интернет-жобалардың авторы Бақытжан Бұхарбай осы пікірі үшін Нұрлан Еспановты жазалауды сұрайды. Блогер әнші қоғамдық тәртіпті бұзды деп айыптады.
Бұл туралы блогер Facebook парақшасында жазды.
"Ақтөбе тұрғыны, Инстаграм парақшасында 29,9 жазылушысы бар Ләйлә Исламова "Мен бүгін карантинді бұзып, коворкингке бардым. Кофе ішіп, жаяу жүрдім. Мен бақыттымын" деген жазбасы үшін 3 тәулікке әкімшілік жазаға тартылды. Ақтөбеде карантин жарияланған жоқ. Сондықтан ол өздігінше осылай жасаған. Дегенмен полицейлер істі сотқа дейін жеткізіп, Ләйлә "Төтенше жағдайдағы тәртіпті бұзу әрекеттері" бабы бойынша жазаланды. Енді ең қызығын айтайын, парақшасында 634 мың оқырманы бар (әрі ол тойшыл аудитория) Нұрлан Еспанов коронавирустың жалған екенін, ондай ауру тарап жатпағанын, оның қолдан жасалғанын еркін түрде жеткізіп отыр.
Еспановтың аудиториясы - қыз ұзатқыш, той жасағыш, құдалық жасағыш, үйде отырғызуға көндіре алмай жатқан топ. Бұл әнші жағдайды мүлде түсінбеген секілді. Қоғам алдындағы жауапкершілігін де сезінбейтінге ұқсайды. Сонымен қатар оны жазалауға да ешкім асығар емес", - деді ол.
Блогердің айтуынша, әнші қоғамға пікірі арқылы зиян тигізіп отыр. Сондықтан тиісті жазасын алуы керек. Егер жазаланбаса, Ләйләні де жазалаудың қажеті жоқ деп санайды.
"Егер Ләйләні үш тәулікке қамаған болса, мына әншіні де солай жазалау керек. Менің субъективті пікіріме сәйкес, Еспанов адамдарға екі есе зиян келтірді. Бұл жерде полицейлердің жедел жұмысының нәтижесінде әншінің жағдайды түсінбегенін айтып, кешірім сұраған видосын жариялаудың түк керегі жоқ.
Қыздың қамалып, әншінің той тойлап еркін жүргені дұрыс емес. Егер Еспановтың әрекеті заңбұзушылық болмаса, онда Ләйләні де босату керек", - деп жазды Бұхарбаев.
Бұған желі қолданушылары әртүрлі пікір білдірді. Бірі блогердің айтқанын қолдаса, бірі жеке пікір үшін жазалауға қарсы.