Қорқыт ата университетінде жаңа заманауи кітапхана ашылды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кітапхана өз есігін айқара ашты. Кітапхана 1 оқу ғимаратында орналасқан және университеттің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Салтанатты шарада лента қию рәсімі жаңа кітапхананың жобасын қалаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры Бейбіткүл Кәрімова, сондай-ақ технология ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Қошқаров, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов және филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлына тапсырылды.

Жаңа үлгідегі кітапханада студенттер мен оқытушылар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру және ғылыми зерттеулерге қолдау көрсетуді басым бағыт ретінде қарайтын университеттің жалпы кітап қоры 2 миллионға жуықтайды. Оның ішінде педагогикалық бағыттағы 300 мыңға жуық оқулық жаңа кітапханада қолжетімді болып отыр.
– Қай заманда да кітап құндылығы ерекше. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кі-тапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды” деген болатын.

Сыр өңірінің басты білім ордасы студенттері мен оқытушыларының ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заманауи оқу-ағарту орталығы саналатын кітапхана электронды кітаптар да қолжетімді. Университеттің ғылыми кітапханасы AlemBook электронды кітапханасымен 5 жылға келісімшарт жасасты. Осының арқасында студенттер кез келген уақытта интернет арқылы AlemBook электронды кітапханасының оқу-әдістемелік құралдарын тегін пайдалана алады.
Кітапхананың тұсаукесер рәсімінде сондай-ақ ғылыми жобамен айналысып жүрген жас ғалымдарға гранттар табысталды. Биыл гранттың жалпы сомасы 30 миллион теңгеге артып, 20 жоба жеңімпаз атанды.
Байқауға университет бойынша 27 жоба ұсынылып, оның ішінде 20 жас ғалымның жобасы үздік деп танылды.
Конкурс талабына сәйкес, 40 жасқа дейінгі ғалымдар мен 1,2 курс докторанттары зерттеу жұмыстарын ұсынды.
Бұл жас ғалымдардың ғылыми – зерттеу жұмыстары мен инновациялық жобаларын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, өңірлік және республикалық деңгейде жаңашыл зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік.

Университетте 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға 2021 жылдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы грант бөлініп келеді. Бүгінге дейін 53 жобаға жалпы көлемі 80 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар, оқу орнында 2021 жылдан бері ғылым бойынша жалпы табыс 8 есеге өсті. Бұдан бөлек, профессор-оқытушылар құрамының индекстелген журналдарда мақала жариялау белсенділігі жыл сайын артып келеді. Нақты айтқанда, 2025 жылы Scopus деректер базасында 83 ғылыми мақала, Web of Science деректер базасында 37 ғылыми мақала жарияланды. Университет ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялау үшін 8 ғылыми журнал шығарады.
Айта кетейік, 2021 жылы – 4, 2022 жылы 6, 2023 жылы – 8, 2024 жылы - 15 жоба авторы университеттің грантын иеленді. Жас ғалымдарға арналған конкурс дәстүрлі түрде 4 жылдан бері жалғасын тауып келеді.
"Семіз екенімізді білеміз, айта берудің қажеті жоқ": Қазақстандықтар қоғамда толық адамдарға ашық қысым көрсетілетініне шағымданды