"Қорқынышты фильмдегідей": Астанада әбден тозығы жеткен жатақхана табылды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Блогер Астанада орналасқан, әбден тозығы жеткен жатақхананы көрсетті. Нысанның қабырғалары түсіп, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі қирап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер Тоғжан Камзебаева жатақханада түсірілген видеоны желіде жүктеді. Ол бұған дейін де қарапайым жатақханалардағы тұрмыс жағдайын көрсетіп жүрген еді. Ол бұл жолы Луи Пастер көшесі, 73-үйдегі жатақхананы шолып шыққан. Кадрларда қабырғасы түскен, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі қираған жатақхана көрсетілген.
"Мен талай жатақханаларды араладым, бірақ мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын", – деді блогер.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан мән-жайды сұрап білді.
Олардың мәліметінше, бұл нысан апатты үйлер тізіміне енген. Бұл жердің тұрғындары 2026 жылы жаңа пәтерлерге қоныстанады.
"2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес қалада апатты ескі үйлерді бұзу жүзеге асырылып жатыр. Астана қаласындағы апатты үйлер тізіміне сәйкес Луи Пастер көшесіндегі, №73 үй 2025 жылға арналған жоспарға енгізілген. Қазір тұрғындардан құжат жинау рәсімдері жүріп жатыр. Апатты жағдайдағы №73 үйдің тұрғындары 2026 жылдың I тоқсанында жаңа пәтерлерге қоныстандырылады. Осыдан кейін аталған жатақхананы бұзу жоспарланған. 2025 жылғы 28 шілдеде Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері Байқоңыр ауданы әкімдігімен бірлесіп, Луи Пастер көшесіндегі №73 апатты үйдің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында алдағы көшіру мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмысы жүргізілді", – делінген хабарламада.
Жатақхананың жағдайын көрген желі қолданушылары бұл ғимаратқа қорқынышты фильм түсіруге болатынын айтып, билікті сынға алды.
"Қорқынышты фильм түсіруге сұранып тұрған орын екен", "Жақсы өмір сүруге тырысу әркімнің өз еркіндегі нәрсе. Мәселен, әк – 300 теңге, бояу – 1500 теңге тұрады. Бұл екі қорап темекінің бағасы ғана", "Президент, министр, депутатты осы жерге ертіп әкелу керек", "Үкімет пен министрлер қайда қарап отыр? Бізде мұндай жатақханалар өте көп. Студенттерге жаның ашиды. Артта қалған ел", "Түрмелердің өзінде жағдай бұдан жақсы шығар. Бұл нысан кеңес заманынан бері осылай тұр. Ешқашан жөндеу жүргізілмеген. Қорқынышты жағдай", – деп жазды олар.

"Аурухана мен мәдениет үйі жоқ": Сингапурға айналуы тиіс жаңа қала Алатаудың бүгінгі жай-күйі қалай (Фоторепортаж)
