Бірнеше командир қызметінен кетті: Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімге байланысты мәлімдеме жасады
Фото: Pexels.com
Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметкерлердің қаза табуына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство басшылығы жыл басынан бері қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілік деңгейін толық түсінетінін атап өтті.
“Жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметкерлердің қаза табуына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына шынайы көңіл айтады”, – делінген хабарламада.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Жарғы талаптары мен қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шараларының, оқу-жаттығуларды өткізу, атыс жүргізу және қызметтік міндеттерді орындау барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң реттеліп отыр.
Сондай-ақ барлық әскери бөлімдерге жеке құрамды кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметкерлердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілмек.
Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі күшейтілді. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді.
Әскери полиция күштерімен жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау күшейтілді, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да. Тәулік бойғы бақылау енгізіліп, құқықбұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.
Әскери қызметкерлердің жақындарымен тұрақты бейнебайланыс жасау жүйесі құрылды. Бөлімше командирлері ресми арналар арқылы ата-аналармен тұрақты байланыс орнатып, жүйелі түрде өзара әрекет етеді.
Кадрлық және тәртіптік шешімдер
Бұған дейін тіркелген деректер бойынша кадрлық және тәртіптік шаралар қабылданды. “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қаза тапқан сарбаздың әскери бөлім командирі, оның орынбасары және батальон командирі қызметтерінен босатылды.
“Қабылданып жатқан барлық шаралар ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында сарбаз қаза тапқаны хабарланған еді.