Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі әскерде бейнебақылауды күшейтпек, бірақ қаржы жетіспейді – Вице-министр Ахмедиев

Фото: e-katalog

Қорғаныс министрлігінің вице-министрі Дархан Ахмедиев қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің ата-аналарымен кездесуде басты мақсат – әскерде жоғалтуларды болдырмау екенін атап өтті. Министрлік киім, тамақтану және бейнебақылау мәселелерін қарастырып жатыр, алайда қаржы шектеулі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

10 қарашада Министрліктер үйінің алдында қаза тапқан немесе жарақат алған әскери қызметшілердің аналары жиналып, өз талаптарын білдірген еді. 

Вице-министр Дархан Ахмедиевтің айтуынша, кездесу жоспарлы түрде өтті, министрліктің қызметкерлері таңертеңнен бастап әскерлердің ата-аналарымен байланыста болған.

"Бұл азаматтарды қабылдау орталығы аясында жасалып жатқан іс. Шамамен 9-10 адам келді. Көпшілігі қызмет барысында өкінішке орай өмірден өткен немесе ауыр ауруға шалдыққан солдаттардың ата-аналары. Министрлік үшін де бұл – ауыр жоғалту. Сіздер дұрыс түсініп, бізді екі жаққа бөлмегеніңізді қалаймын: бір жақта ата-аналар, олар шабуыл жасайды, біз қорғанамыз деп ойламаңыздар. Жоқ, біз бір жағымыз және мақсатымыз бір – әскерде әдепсіз қатынастардың болмауын және жоғалтулардың алдын алу", – деді вице-министр мәжіліс кулуарында.

Ол аналар киім, тамақтану және бейнебақылау мәселелерін көтергенін айтты. Министрлік оларды қарастырып жатыр, алайда қаржы жетіспейді дейді Дархан Ахмедиев.

"Бейнекамераларды дәретханаларға дейін орнату жөніндегі ұсыныстар туралы. Біз бұл жұмысты жүргізіп жатырмыз. Өкінішке орай, бюджет шектеулі екенін ашық айтуым керек. Бірнеше жыл бойы пилоттық жобаларды жүзеге асырып келеміз, биыл кейбір әскери бөлімдерде жасанды интеллект жүйесін тегін орнаттық. Бейнекамералар барлық жерде, казармаларда да бар. Иә, "соқыр аймақтар" бар, оларды қазір жабып жатырмыз", – деді Ахмедиев.

"Соқыр аймақтарға" бейнекамераларды орнатуды 2026 жылы жоспарлап отыр.


"Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпыз": Астана әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары митингке шықты (видео)


Қазақстандағы әскери оқу орындарына eGov арқылы түсуге болады


Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бас прокуратура қаза тапқан және жарақат алған сарбаздардың аналарын қабылдап, әр шағымды қарастырып, әскери қызметтің заңдылығы мен қауіпсіздігін тексереді. Бұған Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның өкілдері де тартылды. 10 қарашада Астанадағы рұқсат етілмеген акцияға кейбір қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 17:01
Талқылау