Корея президенті әкімшілігінің басшысы Тоқаевты Сеулдегі саммитке шақырды

Корея президентінің арнайы өкілі – Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шик мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін ризашылық білдіріп, оны қыркүйек айында Сеулде өтеті саммитке арнайы шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кан Хун Шик Корея президенті Ли Чжэ Мёңнің Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша референдумның табысты өтуіне орай жолдаған құттықтауын жеткізді.
“Корея Республикасының сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын күшейтуге, сондай-ақ түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыру арқылы өзара қарым-қатынасты мүлдем жаңа деңгейге шығаруға айрықша маңыз беріледі”, – деді арнаулы өкіл.
Әңгіме барысында екі тарап қазіргі сын-қатерлерге байланысты энергетика және көлік-логистика салаларындағы ықпалдастық аясын кеңейту перспективасы талқыланды.
Кан Хун Шиктің айтуынша, президент Ли Чжэ Мёң Қазақстан президентін Корея Республикасына сапармен келуге және биыл қыркүйек айында Сеулде өтетін "Орталық Азия – Корея Республикасы" саммитіне қатысуға шақырған. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея көшбасшысының шақыруын ықыласпен қабыл алды.
“Жоғары деңгейде өтетін алдағы келіссөздер екі ел ынтымақтастығын жандандырып, Орталық Азия – Корея Республикасы форматындағы ықпалдастықты арттыруға оң септігін тигізетініне сенемін”, – деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін Оңтүстік Корея мұнай дағдарысына байланысты Қазақстаннан көмек сұрайтыны туралы жазған едік.
Сеул Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдердің үзілуіне байланысты шикізат тапшылығын сезініп жатыр.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Кан Хун Сик Қазақстанға баратынын 6 сәуірде хабарлаған. Ол Астанада шикі мұнай мен нафта жеткізу жөнінде келісімге келуді жоспарлап отыр. Ол Қазақстаннан бөлек Сауд Арабиясы мен Оманға да бармақ. Сапарлар алдағы күндері өтеді деп жоспарланған.
Алматылық ата-ана егіз ұлдарын өлтіріп, мәйітін бес күн бойы тоңазытқышта сақтаған: 10 жыл бұрынғы қанды қылмыс қалай орын алды