Қордайлықтар қытайлық инвесторлардың алтын қазуына қарсы шықты: облыс әкімі тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты
Фото: atomic-energy.ru
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының Қарасай ауылында қытайлық инвесторлардың алтын қазуына қарсы шыққан халықтың наразылығына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Қордай ауданының Қарасай ауылында қытайлық инвесторлар алтын қазуына тұрғындары түбегейлі қарсы екенін айтып, біз бұл туралы хабардарсыз ба, не себепті ауыл тұрғындары наразы деп сұрады.
"Mariam Gold Ltd. жеке компаниясы Қырғауыл кен орнын алған. Қарасай ауылы тұрғындары алаңдап отыр. Экологиялық тұрғыдан зиян келтіреді деп ойлайды. Ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қырғауыл алтын кенін өңдеу арқылы өңірге 61 млрд теңге инвестиция тартылады. Бұл – бүкіл Жамбыл облысына әсер ететін жоба. Ауылда бірқатар жұмыс орындар ашылады. Сондықтан ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізу маңызды", – деді өңір басшысы.
Жамбыл облысында қытайлық мамандар санының артуына қатысты тұрғындар әлеуметтік желілерде алаңдаушылық білдіруде. Осы мәселеге байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке брифингте шетелдік инвестициялардың тиімділігі мен неге аймақта шетелдік кадрлар көп тартылатыны туралы сұрақ қойылды.
2025 жылғы 1 қарашадағы мәліметке сәйкес, өңірдегі 30 кәсіпорында 2 600-ден астам шетелдік маман жұмыс істейді. Оның ішінде 19 компанияда Қытайдан келген 935 қызметкер еңбек етіп жатыр.
"Біз 735 адамға рұқсат бердік. Қалған 1 833 маман инвестициялық келісімдер аясында тартылған, себебі кей салаларда кадрлар жетіспейді", – деді Қарашөкеев.
Әкімнің айтуынша, шетелдік мамандарды тарту белгілі бір өндірістерде білікті кадр тапшылығына байланысты. Ол жаңа жобаларды іске асыру кезінде бірінші кезекте қазақстандық инвесторлар мен жергілікті мамандарға басымдық берілетінін атап өтті.
"Қандай инвестор келсе де, құрылыс пен өндіріс кезеңінде отандық мамандарды тартуға тырысамыз. Әрқашан өз инвесторларымызды қолдаймыз. Бұл мәселе біздің бақылауымызда", – деді ол.
Сонымен қатар кей салаларда қазақстандық кадрлардың қажет біліктілігі болмағандықтан, мамандарды іздеуде қиындықтар туындайтынын айтты.
"Инженерлер мен химиктер жетіспейді. Сол себепті жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасап, қажет мамандарды дайындауды бастап кеттік", – деді әкім.
Бұған дейін Қазақстанның Қытаймен жалпы құны $15 млрд болатын 70 келісімге қол қойғаны хабарланған еді. Сонымен қатар Жамбыл облысында қытайлық тараппен байланысы бар "GES Мырзатай" компаниясы Аулиекөл ауылында құны $60 млн болатын парогаз электр станциясының құрылысын бастап кетті.