Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік 20 жастағы қызды алып қашып кетіп, зорлағаны туралы ақпарат тарады: Полиция тергеу бастады

Әлеуметтік желіде "Не молчи" қоры шымкенттік ер адам 20 жастағы бойжеткенді алып қашып, тұрмысқа шығуға келіспеген соң зорлағанын мәлімдеді. Қордың айтуынша, полиция қыздың ата-анасы шешуі керек деп есептейді екен. Алайда қыз күштеп тұрмысқа шығуға қарсы және қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: Рixabay.com

"Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Думан Таевтан қалада 20 жастағы қызды ұрлау ісін жеке бақылауға алуыңызды сұраймыз. Дәл қазір Тұран АІІБ-де ер адам өз еркінен тыс ұрлап кеткен жәбірленушіден жауап алу жүріп жатыр. Полиция қыздың ата-анасы шешуі керек деп есептейді. Бірақ қыз күштеп тұрмысқа шығуға қарсы және қылмыстық іс қозғауды талап етеді. Ол 20 жаста, кәмелетке толған еліміздің азаматы. Оны ұйымдасқан топ ұрлап әкеткен. Бұл Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігі (Адам ұрлау) және оны заңсыз өз еркінен тыс күштеп ұстағандықтан 126-бабы 2-бөлігі (Бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша іс қозғалу керек. Мұнда оның ата-анасы мүлдем рөл атқармайды", – деп жазды "Не молчи" қоры.

Мәліметтерге сенсек, Шымкент тұрғыны алдымен 20 жастағы бойжеткенді алып қашқан. Бірақ қыз көнбеген соң оны зорлаған. Жігіттің туыстары бұл туралы қыздың туыстарына сүйіншілеп, екі тараптың жақындары некеге өзара келіскен. Бірақ бойжеткеннің құрбылары жас қызға араша түскен.

Алайда Шымкент полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-аұ қыздың құрбысын жалған ақпарат таратты деп жауапқа тартқан. 

“Өз жауабында азаматша аталған ақпаратты жоққа шығарып, жігіттің үйінде бір апта тұрғанын және одан әрі бірге өмір сүруден бас тартып, кетіп қалғанын айтты. Сондай-ақ қазір ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін жеткізді. Жыныстық зорлық-зомбылық көрсету туралы ақпаратты толығымен жоққа шығарды. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан азаматшаға қатысты әкімшілік шара қабылданды”, – деді Шымкент полициясы.



Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 17 жастағы Камиланы отбасы өзінен 14 жас үлкен ер адамға Қазақстанның азаматтығын алу үшін тұрмысқа беріп жібергенін жаздық. Қыздың жақындары мен құрбылары істің анық-қанығын айтпай отыр. Жергілікті құзырлы органдар да бұл іске мүлдем шара қолдана алмайтындарын мәлімдеді.

Талқылау