Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конституциялық сот жер кодексінің кейбір нормалары заңға сәйкес келмейді деп таныды

Конституциялық сот жер кодексінің кейбір нормалары Конституцияға сәйкес келмейді деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Конституциялық соттың мәліметінше, мұрагерге жер пайдалану құқығының өсиет бойынша ауысуын шектеу Конституцияға сәйкес келмейді. Соттың тексерісіне сотқа жүгінушінің арызы себеп болған. 

“Конституциялық сотқа жүгінген өтініш беруші шаруа қожалығы мүшесі құрамына кірген жұбайы қайтыс болғаннан кейін қалған, шаруа қожалығын жүргізуге нысаналы мақсаты бар төрт жер учаскесі түріндегі мұрагерлік мүлікке өсиет бойынша мұрагер болып табылады. Мұра алушының өзі шаруа қожалығының мүшесі болмаған”, – делінген сот хабарламасында. 

Осы іс бойынша тіпті Жоғарғы сот та кодекс нормаларына сүйеніп, өтініш берушінің талаптарын қанағаттандырмаған.



“Арызданушы өзі дау айтып отырған Жер кодексінің нормасы Конституцияның 14-бабында, 26-бабының 2-тармағында және 39-бабының 3-тармағында бекітілген конституциялық құқықтары мен кепілдіктерін бұза отырып, заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлер арасында негізсіз айырмашылық туғызады деп есептейді”, – делінген хабарламада. 

Нәтижесінде Конституциялық сот басқа қорытындыға келді. Атап айтқанда, Жер кодексінің жер пайдалану құқығының өсиет бойынша мұраға ие болған адамға ауысуын шектеу нормасы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды.

“Атап айтқанда, Конституциялық Сот Конституцияның 39-бабы 3-тармағының құқықтық мағынасын негізге ала отырып, жер пайдалану құқығының өсиет бойынша мұраға ие болу кезінде ауысуы ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс деп көрсетті. Өсиет бойынша мұраға ие болуды шектеу мұра қалдырушының ерік-қалауын бұзады және мұрагерлер арасында кемсітушілік туғызады, теңдік пен құқықтық айқындылықтың конституциялық қағидаттарын бұзады, сондай-ақ заңнамада бекітілген мүлікке мұрагерлік туралы ережелерге қайшы келеді”, – делінген хабарламада. 

Конституциялық сот жер кодексінің осы ережесіне негізделген шешімдері белгіленген тәртіппен қайта қаралу туралы қаулы шығарды.

Еске салсақ, бұған дейін Конституциялық сот Қазақстанда жемқорларды мерзімінен бұрын бостандыққа шығармау нормасын Конституцияға сәйкес деп танығаны туралы жазған едік. 

Талқылау