Қазақстандықтар Конституцияға қарсы жазбалары үшін полициядан қоңырау шалынып, қысым жасалып жатқанын айтып шағымданды

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде жаңа Конституция жобасына қарсы жазбалар жариялағаны үшін оларға полиция мен әкімдіктерден қоңырау шалып, жазбаларын өшіруді сұрағанын хабарлауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Осындай "қоңырау" алғандардың бірі Астана қаласындағы шаштараз Қантемір Алмышев. Полиция қызметкерлері оның жұмыс орнына барған. Оның айтуынша, полицейлер одан Конституция жобасына қарсы үгіт-насихатты тоқтатуды сұраған, алайда ол бұл талаппен келіспеген. Әңгімеден кейін полицейлер кетіп қалған.
"Біз сабырлы түрде сөйлесіп, тарастық. Мен ешқандай заң бұзған жоқпын, мұны өздері де айтты. Тек сөйлескілері келген. Мен өз ұстанымымды түсіндірдім, олар мені түсінді", – деді Қантемір Алмышев.
Алайда біраз уақыттан кейін Қантемір Алмышев басқа іс бойынша ұсталған. Сот шаштаразды Нұрлан Сабуровтың атына бейәдеп сөздер жазылған жазба жариялағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот оның әрекеті қоғамдық тәртіп пен моральдық нормаларды бұзды деп есептеп, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындаған.
Полициядан түскен қоңырау туралы қазақстандық Аян Елемес те хабарлады. Оның айтуынша, жаңа Конституция туралы жазба жариялағаннан кейін өзімен құқық қорғау органдарының қызметкерлері байланысып, жазбаны өшіруді талап еткен. Сондай-ақ оған 15 наурызға дейін әлеуметтік желілердегі қолданушылардың жарияланымдарын бақылап отыратын полицияның арнайы бөлімшесі жұмыс істейтіні туралы хабарланған.
Орталық референдум комиссиясында өткен брифинг барысында журналистер комиссия мүшелеріне “желідегі жазбаларды өшіру туралы талаптар азаматтардың құқықтарын бұзу болып санала ма” деген сұрақ қойды.
Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мұндай мәселелер комиссияның құзыретіне кірмейтінін айтты.
"Біріншіден, бұл мәселе Орталық референдум комиссиясының құзыретіне кірмейді. Біз 7-бапқа сәйкес кез келген азамат пен қоғамдық бірлестіктің үгіт-насихат жүргізуге құқығы бар екенін айтқан болатынбыз. Ал сіздер айтып отырған өзге әрекеттерге қатысты, өкінішке қарай, біз араласуға да, қандай да бір пікір білдіруге де құқылы емеспіз", – деді Ләззат Сүйіндік.
Заңгер әрі "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының құрылтайшысы Роман Реймер "Республикалық референдум туралы" заң азаматтарға референдумға шығарылған мәселелер бойынша өз пікірін ашық білдіруге кепілдік беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, азаматтар жиналыстарда, митингілерде, жиындарда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында өз көзқарасын білдіруге құқылы. Яғни заңнама азаматтарға жаңа Конституция жобасын қолдап та, оған қарсы да үгіт-насихат жүргізуге мүмкіндік береді.
"Соған қарамастан Қазақстанда сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігі түрлі заңдар арқылы шектеліп келеді. Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі “жалған ақпарат”, “көрінеу жалған ақпарат тарату”, сондай-ақ кейбір жағдайларда “ұсақ бұзақылық” туралы баптармен негізделеді. Бұл баптарға үстірт талдау жасаудың өзі “жалған ақпарат” ұғымына, тең жағдайларда, кез келген мәлімет жатқызылуы мүмкін екенін көрсетеді. Яғни қолданыстағы билікке ұнамайтын немесе жағымсыз көрінетін ақпарат “жалған” деп бағалануы ықтимал", – деді Роман Реймер.
Еске салсақ, бұған дейін Бас прокуратура референдумға қатысты сауалнама жүргізген екі қазақстандыққа айыппұл салынғанын хабарлаған еді.
"Бір ұйықтаса бірнеше күн бойы оянбайтын ауыл": Тылсым "Калачи" туралы не белгілі?