Конгода соғыс өршіді: Сарапшылар зертханалардан қауіпті аурулар тарап кетеді деп қорқады
Халықаралық Қызыл крест комитетінің Африка бойынша аймақтық директоры Патрик Юсеф Конгоның қоршауда қалған Гома қаласындағы шайқастар мен соның салдарынан ауру тарайды деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NDTV сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: TASS
Халықаралық Қызыл Крест комитетінің мәлімдеуінше, соғыстың кесірінен электр қуатының үзілу қаупі төніп тұрғанын және содан ұлттық биомедициналық ғылыми-зерттеу институтының зертханасының жағдайы мүшкіл болатынын айтады.
Конго Демократиялық Республикасының зертханада сақталған Эбола вирусы мен басқа да қауіпті қоздырғыштары жарық өшсе, тарап кетуі мүмкін.
Соңғы күндері, әсіресе, M23 көтерілісшілері мен КДР үкімет күштері арасында қақтығыс өршіп жатыр. Конго Демократиялық Республикасы және басқа да көптеген елдер мен тәуелсіз сарапшылар көрші Руанданы M23-ті қолдады деп айыптады, ал Руанданың өзі мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Бір күн бұрын көтерілісшілер Гома қаласын басып алған. Шайқас салдарынан электр желісі зақымдалып, жарық өшті.
Орталық Африканың минералға бай шығысында 1994 жылғы Руандадағы геноцидтен бері қарулы топтар арасындағы соғыстар жиі болады.
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, жыл басынан бері аймақта жарты миллион адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Руандамен шекаралас орналасқан миллион тұрғыны бар Гомада қазірдің өзінде 700 000-ға жуық ішкі босқындар мекен еткен.
Ұйым қызметкерлері ай басынан бері 600-ден астам жаралыны емдеген, олардың жартысына жуығы – бейбіт тұрғындар, көпшілігі әйелдер мен балалар.