Қонаевтағы атыс: Кісі өлтірген 6 адам сотталды
Фото: depositphotos.com
Қонаев қаласының 6 тұрғыны "кісі өлтіру" бабы бойынша сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облыстық сотының мәліметінше, 2024 жылдың маусым айында қаладағы "Алекс" демалыс аймағында екі айыпталушы мен жәбірленуші М арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан.
"Төбелесте жәбірленуші жеңіске жеткендіктен, айыпталушыларда оны өлтіру туралы қасақана ниет пайда болған. Жоспарларын іске асыру үшін олар тағы төрт адамды тартқан. 6 адам бірігіп сол күні кешке Қонаев көшесіндегі ХҚКО маңында жәбірленушіге бірнеше рет оқ атқан. Ол ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды", – делінген іс материалдарында.
Сот барлық айыпталушыларды "алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, бұзақылық ниетпен жасалған қасақана кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот екі айыпталушыға 19 жыл, қалған төртеуіне 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Сот жазаны жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушылардың кәмелетке толмаған балалары барын және бұрын сотты болмағандарын ескерді.
Еске салсақ, 2024 жылғы 26-нан 27 маусымға қараған түні Қонаев қаласында атыс болған еді. Оқиға орнында бір адам көз жұмып, екіншісі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Кейінірек прокуратура атысқа байланысты алты адам ұсталып, іс ерекше бақылауға алынғанын мәлімдеді.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
