Көмекшілері Головкиннің науқастанып қалуы туралы сыбыстың қайдан шыққанын айтып берді
WBA (Super), IBO, WBC және IBF версиялары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің көмекшілер тобы оның ауруы туралы сыбыстардың қайдан шыққанын айтып берді.
Головкиннің сырқаты жайындағы әңгімелер соңғы баспасөз-конференциясынан және боксшылардың салмақ өлшеу рәсімінен кейін пайда болған. Онда Головкин әдеттегідей ашылып сөйлеп, күлмеген. Одан бөлек, боксшы сұхбат беруден бас тартқан, деп хабарлайды BoxingScene.com.
«Расымен де мұндай сыбыстардың қайдан шыққанын білмеймін. Баспасөз конференциясынан кейін ақпарат құралдарының өкілдері Головкиннен сұхбат алмақшы болған кезде, боксшы қонақ үйге қайтып кеткен еді. Меніңше, оның науқастанып қалуы туралы ақпарат содан кейін тараған», – дейді GGG промоутері Том Леффлер.
Қазақстандық боксшының бапкері Абель Санчес Геннадийдің екі сағат кептелісте тұрып қалғандығын, соның салдарынан салмақ өлшеу рәсімінен кейін жедел түрде қонақ үйге қайтқысы келгенін айтты.
«Салмақ өлшейтін күні біз 1 сағат 40 минут бойы жол жүрдік. Меніңше, соның салдарынан Головкиннің шыдамы таусылды. Дәл сол кезде ол рингке шығатындай күйде еді. Ұзақ жолдан кейін ол тез арада салмағын өлшеп, қонақ үйге қайтқысы келді», – деді Санчес.
Айта кетейік, Головкин-Брук жекпе-жегі қыркүйектің 10-нан 11-не қараған түні Лондонда өтті. Жекпе-жек мерзімінен бұрын Головкиннің жеңісімен аяқталды. Бесінші раундта Бруктың секунданты ақ орамал тастап, сайыс өз мәресіне жетті.
Жіберіп алмаңыз:
БАҚ Головкинді «Ресей спортшысы» деп атады
Головкин бесінші раундқа дейін Бруктан ұпай санымен ұтылып жатқан