"Ол уақытта украиналық дрондар шабуыл жасап жатқан": Росавиация Ақтаудағы ұшақ апатына алғаш рет пікір білдірді
“Росавиация” басшысы Дмитрий Ядров апатқа ұшыраған Embraer ұшағының командиріне басқа әуежайлар ұсынылғанын, бірақ ол Ақтау әуежайын таңдағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: belta.by
“Росавиация” басшысы Дмитрий Ядровтың айтуынша, Украинадағы лаңкестік әрекеттерге байланысты енгізілген "Ковер" жоспарының салдарынан ұшақ Грозныйға қона алмады.
"Ол кезде Украинаның жауынгерлік ұшқышсыз ұшақтары Грозный және Владикавказ қалаларындағы азаматтық инфрақұрылымға лаңкестік шабуыл жасады", – деді Ядров.
Сонымен қатар апат болған сағаттарда қала маңында қалың тұман болды, дейді Ядров.
"Ковер" жоспары – әуе кемелерінің дереу қонуы немесе олардың ұшу аймағынан кетуін көздейтін жабық аспан режимі.
Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.
Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы айтқан еді.