Қолжетімді болмақ: Қазақстанда 2026 жылы қандай жаңа әуежайлар мен әуе бағыттары ашылады
Фото: depositphotos.com
2026 жылы Қазақстанның авиация картасы түбегейлі өзгереді. Елде жаңа әуежайлар ашылып, халықаралық рейстер көбейеді, ал өңірлерге қатынау бұрынғыдан да қолжетімді болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңірлердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және туризмді дамыту мақсатында 23 әлеуметтік маңызы бар әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы жалғасады.
Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева 2026 жылы Қазақстанда іске асырылатын жаңа әуежайлар мен әуе рейстері ашылатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдің ірі әуе тораптарында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, Астана мен Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады. Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртудан өтсе, Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі.
Сонымен қатар өңірлік жобалар да жүзеге асырылады. Олардың қатарында:
- Атырау әуежайында жаңа терминал салу,
- Павлодар әуежайының аэродромын реконструкциялау,
- Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау,
- Арқалық әуежайын қалпына келтіру бар.
Бұдан бөлек, әуежайларда Jet A-1 авиациялық отынын сақтау және құю жүйелері жаңартылады. Бұл авиакомпанияларға қызмет көрсету сапасын арттырып, отынмен қамтамасыз етудің сенімділігін күшейтпек.
"2026 жылдың соңына дейін авиакомпаниялар тоғыз жаңа ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша, әуе кемелері паркі 118 бірлікке жетіп, жолаушылар тасымалының өткізу мүмкіндігі кеңейеді. Өңірлердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және туризмді дамыту үшін 23 әлеуметтік маңызы бар әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы жалғасады", – деді Салтанат Томпиева.
2026 жылы халықаралық әуе қатынасын дамыту да жалғасады. Жаңа халықаралық бағыттарды ашу және бұрынғы рейстерді қайта жандандыру, сондай-ақ қолданыстағы бағыттар бойынша ұшу жиілігін арттыру жоспарланған. Маршруттық желі Орталық Азия және ТМД елдеріне, сондай-ақ Таяу Шығыс, Еуропа мен Азия мемлекеттеріне кеңейтіледі. Оның ішінде Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімші, Қашғар, Варшава бағыттары бар.
Сондай-ақ азаматтық авиация саласында кадр даярлау жүйесін реформалау, жаңа авиациялық оқу орталығын құру мүмкіндігін пысықтау, цифрлық шешімдерді енгізу, паспорттық бақылауды автоматтандыру және e-Freight жүйесін енгізу жұмыстары жалғасады.
"2026 жылы ICAO ұйымымен бірлесіп азаматтық авиацияның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындайтын Мастер-жоспарды әзірлеу аяқталады. Бұл міндеттер саланың инфрақұрылымдық және реттеуші мәселелерін шешуге, сондай-ақ ұзақмерзімді тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған. Жоспарды жүзеге асыру әуе тасымалының сапасы мен қолжетімділігін арттырып, ұшу қауіпсіздігін күшейтеді және Қазақстанның аймақтық әрі халықаралық авиация жүйесіндегі рөлін нығайтады", – деп қорытындылады комитет төрайымы.
- Қазақстанға туристер көп келетін елдердің тізімі белгілі болды
- Қазақстан Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы жерлерін уақытша пайдалануды ратификациялады
Еске салайық, бұған дейін Air Astana-ның Фукуок-Алматы рейсі ұшақтағы барлық дәретханалардың істен шығуына байланысты ұшу әуежайына кері оралған еді. Рейс кейінге шегеріліп, жолаушылар қонақүйге орналастырылып, қажетті қызметтермен қамтамасыз етілді.
2026 жылдан бастап доллар бағасы мен инфляция қалай өзгереді – Экономистер болжам жасады