Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлсай ұлттық саябағында апат болып, шетелдік турист қаза тапты (видео)

Фото: Видеодан скрин

Алматыда Көлсай көлі ұлттық саябағында шетелдіктерді тасымалдайтын көлік аударылып, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Апат 30 қарашада болған. 

“Көлсай көлдері ұлттық саябағында апат болды. Саты ауылының тұрғыны туристерге Қайыңды көліне қарай көлік қызметін көрсетіп жатқан. Десе де жолда көлік аударылып қалды”, – деп жазды куәгер. 

Оның айтуынша, апат салдарынан Филиппиннен келген туристер жарақат алған. Алматы облыстық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты пікір білдірді. 

“Облыстық полиция департаментіне хабарластық. Апаттың Қайыңды-Саты тас жолының төртінші шақырымында болғаны хабарланды. Бір жолаушы оқиға орнында қайтыс болды. Ал бесеуі әртүрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, Toyota Sequoia жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік жолдан шығып кеткен”, – делінген хабарламада. 

Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. 

Алматы облыстық денсаулық сақтау департаменті жарақат алғандардың төртеуі амбулаториялық емдеуге жіберілгенін хабарлады.

“2 желтоқсанда бесінші науқас Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыстырылды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы – Бішкек бағытындағы тасжолда қайғылы жағдай болған еді. Апаттан Бішкекте өткен құлағы естімейтін спортшылар арасындағы футбол турнирінен келе жатқан қазақстандық спортшылар жол апатынан көз жұмған.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 17:04