"Қолма-қол ақша шештің бе, бірден базаға ендің": Қазақстанда банкоматтарға қатысты тараған хабарламаға жауап берілді
Фото: Tamer Dagas/Getty Images
Президент жанындағы Орталық комуникациялар комитетінің дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстанда қолма-қол ақша шешетін азаматтардың арнайы базасы жасалып жатыр деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталықтың мәліметінше, қазір әлеуметтік желі мен мессенджерлерде мемлекет банкоматтан ақша шешетін адамдардың жеке деректерін жинайтын арнайы база құрып жатыр деген ақпарат тарап жатыр. Орталық бұл мәліметтің манипулятивті екенін және шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар банкоматтарда бейнебақылау камералары қолданылады. Оларды орнату қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қылмыстың алдын алуға, соның ішінде алаяқтық пен ұрлыққа тосқауыл қоюға бағытталған. Бейнежазбалар оқиғаға қатысты тексеру жүргізілген кезде қолданылуы мүмкін. Өйткені олар клиенттердің және мүмкін болған құқықбұзушылардың әрекеттерін тіркейді.
Азаматтардың да, қаржы ұйымдарының да мүддесін қорғауға көмектеседі әрі даулы жағдайларда дәлел ретінде қызмет етеді. Банкоматтарға камера орнату талаптары 2016 жылдан бері қолданыста. Бұл талаптар Ұлттық банк басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен бекітілген. Құжат банктерді әр банкоматты кемінде бір камерамен жабдықтауға міндеттейді. Ол төлем картасының иесінің бет-әлпетін анық түсіруге мүмкіндік беруі керек. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бейнемәліметтерді сақтау мерзімін біріздендіру аясында банктер бейнежазбаларды кемінде 180 күнтізбелік күн сақтауға міндетті болады.
Алайда қолданыстағы заңнамада банкоматтан қолма-қол ақша шешетін адамдарды сомасына немесе операция жиілігіне қарамастан қосымша тіркеуге қатысты қандай да бір талаптар жоқ. Орталық контент авторларын құқықтық нормаларды бұрмалап түсіндіретін ақпаратты таратпауға шақырды. Өйткені мұндай әрекеттер қоғамда үрей мен дүрбелең туғызуы мүмкін. Егер сұрақтар туындаса, Қазақстанның әрбір азаматы eOtinish сервисі арқылы уәкілетті органға ресми сұраныс жолдап, нақты ақпарат ала алады.
- Енді қазақстандықтардың шотына да пайыз есептеліп, сыйақы қосылады
- Салық пен айыппұл өсіп, қымбатшылық басталады: 2026 жылдан бастап Қазақстанда не өзгереді?
Еске салайық, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда банк шоттарынан қолма-қол ақша шешудің жаңа ережелері күшіне енгенін жазған едік. Талаптар заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатысты, тек қолма-қол ақша шешуге шектеуден ресми түрде босатылғандар бұған кірмейді (олардың тізімін Ұлттық банк бөлек анықтайды).
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады