Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолыма пышақ алып, өз-өзіме қол жұмсағым келді": Бишімбаев сотта әйелінің қаза тапқан кезін баяндады (видео)

Әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта шу туындамауы үшін дәрігерге хабарласпағанын айтты. Сотталушы тек Нүкенованың тамыр соғысы жоқ екенін аңғарған соң ғана жедел жәрдемге хабар берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Салтанат Нукенова

Фото: ашық дереккөз

Бишімбаевтың айтуынша, ол ішке кіргенде қорылдың дауысын естіп әйелін ұйықтап жатыр деп ойлағанын айтады.

“Мен Бақытжаннан (оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған – ред.) оны қалай оятуға болатынын сұрадым. Байжанов өзі білетін дәрігер Салтаға мүсәтір (нашатыр) спиртін беруге кеңес бергенін айтты. Мен залға кіріп, дәкеге тамшылап, оның иіскеуіне мүмкіндік бердім. Мен оның мұрынмен емес, аузымен тыныс алып жатқанын байқадым. Мен сыртқа шығып, Бақытжанға ештеңе сезбей тұрғанын айттым. Ол: “Жедел жәрдем шақырайық па?” деді”, – дейді күдікті.

Осы сәтте Бишімбаевтың есіне кешке оянуы қажет деген көріпкелдің сөзі түсіп, жедел жәрдем шақырмай тағы да жарты сағаттай күткен.

“Мен тағы да Салтанатқа бардым, бірақ оны оята алмадым. Бір ғана нәрсе, оның қорылдауы басылыпты. Мен Бақытжанға тамақ ішіп алайық деп ұсындым”, – дейді экс-министр.

Бишімбаев алайда бөлмеге тағы бір мәрте кіргенінде әйелінің жүзі мен денесі салқын екенін байқаған.



“Тамыр соғысын іздей бастадым, бірақ таба алмадым. Шошып кеттім де, Бақытжанға телефон соғып, “тез жет” дедім. Ол да тамыр соғысын іздей бастады, таба алмады. Сосын жедел жәрдем шақыруға кетті. Міне барлық жағдай осылай болды. Жедел-жәрдем дәрігерлер келгенше жасанды тыныс алғызу керек деді. Мен жақындап, ауызын ашқым келді – алайда оның жағы қасарысып қалғанын көрдім. Осы сәтте мен оның жүріп кеткенін түсіндім. Жедел жәрдем келіп, реанимация шараларын жүргізе бастады, мен ас үйге барып, пышақ алып, өз-өзіме қол жұмсағаным дұрыс болар деп ойладым. Сосын полиция келді", –деп баяндады Бишімбаев.

Бишімбаев сондай-ақ олардың кикілжіңі мен төбелесінің видеосы әлеуметтік желілерге тарағанын қаламағандықтан, барлық жазбаларды өшіруді сұраған.

Айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беруді жалғастырып жатыр. Бұған дейін сотталушы Нүкенованы өлерінің алдында қалай ұрғаны туралы өз нұсқасын айтқан.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау