Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыздыруға 5 минут жеткілікті": Министр Нысанбаев өз көлігімен тәжірибе жасап көрмек

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев солтүстік өңірде көлікті қыздыруға бес минут жеткілікті екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: shutterstock 

"Солтүстік өңірлерге қатысты айтсақ, біз ұзақ уақыттан бері көлікпен жүріп келеміз. Мен кез келген солтүстік аймақта көлікті жылытуға бес минут жеткілікті деп айта аламын", – деді Нысанбаев үкіметтегі брифингте.

Министр экология саласы көліктің еш себепсіз артық минуттар бойы жұмыс істемеуін қолдайтынын айтты.

"Әрине, қыста зиян қалдықтардың мөлшері артады. Ал көліктің моторы бес минуттан артық жұмыс істесе, қалдықтың мөлшері одан да көбейеді", – деді экология министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар министр өз көлігімен эксперимент өткізіп, көлікті қыздыруға қанша уақыт кететінін тексеруге уәде берді.

"Бүгін көлікті түнде далаға қоямын. Таңертең эксперимент жасап, нәтижесін сіздерге міндетті түрде хабарлаймын", – деді Нысанбаев.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынатынын жаздық. Тұрғындар тұратын аудандарда қозғалтқышы қосулы көліктің тоқтап тұруына тыйым салынған. Егер қозғалтқыш қосулы жағдайда 5 минуттан артық тұрса, 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

Ереже бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін көліктің мемлекеттік нөмірі көрсетілген және 5 минуттан асқанын дәлелдейтін видео қажет.

Талқылау