Қазақстандықтар Қытайдан арзан автокөлік аламыз деп алаяқтарға алданып жатыр
Фото: depositphotos.com
Қазақстандықтар Қытайдан арзан автокөлік аламыз деп алаяқтарға алданып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытай автокөліктері Қазақстан нарығына Ковид кезінде ене бастаған. Алайда соңғы жылдары бұл салада алаяқтық жағдайлары көбейген.
“Шарт бойынша, 50 пайызын қолма-қол немесе аударым арқылы төлеу керек. Қалғанын банктен аласыз. Яғни, көліктің толық құнын автосалонға бересіз. Олар келісімшарт бар дейді. Ертең өздерін банкрот жариялап, компания жабылып қалса, ақшасыз қаласыз. Соттасуға мәжбүр боласыз. Сондықтан тек ірі салондарға сенген дұрыс”, – дейді авто-сарапшы Алексей Алексеев.
Кейбір сатып алушылар бастапқыда "сұр нарықтағы" көліктерге қызығатын көрінеді. Алайда тәуекелдерді саралай келе, ресми дилерлерді таңдауға көшеді. Бұған себеп те аз емес.
“Сұр” дилерлер ұсынатын баға ресми дилерлерден арзандау. Бірақ мұнда тәуекел бар. Мәселен жеткізу мерзімін нақты айтқанымен, мүлдем басқа уақытта әкеледі. Екіншіден, ақшаны алып, міндеттемесін орындамайды. Сіз әрі ақшасыз, әрі көліксіз қаласыз. Оның үстіне, "сұр" нарықтан алынған көліктерге кепілдік жүрмейді”, – дейді автокөлік сату бойынша маман Роман Магдибор.
Мамандар үнемдеудің мұншалықты тәуекел мен шығынға татымайтынын айтады. Бір күндік фирмалардан немесе тексерілмеген жеткізушілерден көлік алудың соңы жақсылыққа апармайды дейді олар.
Тұтынушылар құқығын қорғау одағы да алаяқтық қытай көліктерімен ғана байланысты дегенмен келіспейді. Олардың айтуынша, АҚШ пен Әмірліктерден келген қолданыстағы көліктерде де қиындық көп болған. Бірақ қалай болғанда да кепілдіксіз жеткізушіге сенім артуға болмайды.
“Көлік жеткізумен айналысатын тұлғалармен келісімшарттың болмаса, ақшаны қайтарып алу мүмкін емес. Екіншіден, компаниялар Қазақстанда тіркелмеген, шетелде орналасқан”, – дейді ҚР тұтынушылар қауымдастығының төрағасы Жаслан Аймағанбетов.
Авто-сарапшылардың айтуынша, қытай көліктеріне қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Кейбіріне тіпті өмір бойына кепілдік беріледі, бұл тұтынушылардың сенімін арттырмай қоймайды. Дегенмен көлік аларда салқынқандылық қажет. Кілт пен құжатты алмай тұрып, 100 пайыз төлем жасамау керек.

"Қазақтар тұрмайтын Германияда тіліміз қазақша шықты": Шетелде туып-өскен қазақ жігіті желі қолданушыларын несімен сүйсіндірді
