Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлік министрі Үкіметтегі брифингке әуе кеңістігінің жабылғанын көрсететін карта алып келді (видео)

Фото: Видеодан скрин

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифингке Flightradar сайтынан басып шығарылған картаны алып келді. Аталған сайтта әлем бойынша әуе рейстерінің қозғалысы бақыланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Брифинг барысында министрден Таяу Шығыс елдерінде әуе кеңістігі жабық бола тұра, қазақстандықтар Дубайдан қалай оралғаны сұралды.

Сауранбаев жауап бере отырып, “жабық аспан” картасын көрсетті. Оның айтуынша, ол өзекті тақырып бойынша баспасөз мәслихатына мұқият дайындалған.

“Мына жерде бүкіл аумақ жабық. Шамамен 10 ел өз әуе кеңістігін жапты. Әуежай инфрақұрылымына да соққылар жасалды. Қазір орындалып жатқаны жекелеген рейстер. Арнайы маршруттар белгіленген: бірі Сауд Арабиясы мен Мысыр бағытына, тағы бірі Түркия арқылы өтеді. Екінші маршрут, Сауд Арабиясына шығып, одан әрі Пәкістан арқылы Қазақстанға бағытталады. Негізінен екі негізгі бағыт қарастырылған”, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Таяу Шығыстағы ахуал кезінде шетелде қалған қазақстандықтар елге қалай жеткізілетіні айтылған еді. 

Еске салайық Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты елімізден Таяу Шығысқа баратын рейстер тоқтатылғаны туралы жазған едік. Осыдан бір күн бұрын сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға жағдай тұрақтанғанша Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынған.

Жағдайдың мән-жайы

2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 14:03