"Көлігімнің нөмірін есіңе сақтап ал": Қазақстандықтар жолда жылдамдықты асырған жүргізушілердің жазасыз қалғанына наразы
Қостанай облысында жол талғамайтын Lexus көлігінің жүргізушісі мен патрульдік қызметкерлер арасындағы дау қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Автомобиль Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тасжолында жылдамдықты асырғаны үшін тоқтатылған. Жүргізуші мен полицейлер арасындағы жоғары дауыспен айтылған әңгіме бейнежазбаға түсіріліп, қызметтік тексеріске себеп болды.
Қостанай облыстық полиция департаментінің өкілі бұл оқиғаның 4 ақпанда болғанын, алайда бейнежазбаның кейінірек желіге тарағанын мәлімдеді. Видеода Lexus жүргізушісі, бұрынғы жол полициясы қызметкері, патрульдік қызметкерлердің әрекетіне наразы болып, өзін тоқтатуға құқығы жоқ екенін айтады. Өз кезегінде полицейлер жылдамдықты арттырғанын алға тартады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қызметтік тексерістен соң оқиғаға қатысы бар екі полицей қызметінен босатылған. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары полиция қызметкерлерінің дұрыс әрекет еткенін, бірақ соған қарамастан жұмыстан босатылғанына наразы.
"Бұл видео өте күмәнді. Жол полициясы үшін де, "лексус" жүргізушісі үшін де. Жалғасын күтеміз. Қызық, ақыры кім жазаланады – полицейлер ме, әлде жүргізушіге айыппұл салына ма?", "Сонда полиция нөмірлер арқылы кімнің көлігі екенін біліп, тоқтатпауы керек пе?", "Өркениетті түрде шара қабылдануы үшін әлі қанша ұрпақ ауысуы керек?" – деп наразылық білдірді желі қолданушылары.
Айта кетейік, Lexus жүргізушісі ішкі істер министрлігіне қарасты Қостанай академиясының магистратурасында оқитын болып шықты.
"Жүргізушінің қатаң жауапқа тартылуы, тіпті оқудан шығарылуы да тексеріс нәтижесі бойынша қарастырылады", – деп мәлімдеді полиция.
Полиция мұндай заңбұзушылықтарға жол берілмейтінін және қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін депутат Николай Арсютин ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдап, елде мас күйде көлік жүргізгендерге қатысты жазаны жеңілдету жөнінде бастама көтерген еді. Ол қазіргі заңдағы жазаны “әлемдегі ең қатал жаза” деп атады. Дегенмен Ішкі істер министрлігі ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту туралы бастаманы қолдамайтынын мәлімдеді.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
