"Көлеңкелі бизнес дамиды": Депутат қосылған құн салығының бірнеше есе көтерілетініне қарсы шықты
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев депутаттық сауал жолдап, бизнеске салық салу жүйесіне қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Оның сөзінше, елде қосылған құн салығын 20%-ға дейін көтеру көлеңкелі бизнестің дамуына алып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Депутат елдегі бюджет тапшылығы мәселесі бірнеше жылдан бері дамып келетінін әрі мұның жүйелі себептері барын жеткізді.
“Қазір қиын әрі батыл шешім қабылдайтын кезең келді дегенді жиі естиміз. Мұнымен көбі келісер деп ойлаймын. Алайда үкімет қосылған құн салығын көтеріп, сондай-ақ оны төлеу шегін бірден түсіріп жібермек. Нәтижесінде бұл сома тауар құнына қосылып, тұтынушыға ауыртпалық салады. Оның үстіне көлеңкелі бизнес одан әрі дами түсуі ықтимал. Экономиканы дамыту – бүгінде ең қажет әрі маңызды міндет. Үкіметке ел экономикасын дамытуға, шетелдік инвесторлар тартуға және бизнестің өркендеуі үшін оңтайлы жағдай жасауы керек. Экономика өссе, салық түсімдері де артады”, – деді депутат.
Мәжілісмен аталған мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныстар ұсынды. Олар:
“Алдымен, бюджеттің шығындарын кіріс көлемімен теңестіру керек, тиімсіз шығындарды реттеу қажет. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканы “көлеңкеден шығару үшін” нақты шара қабылдауға кіріскен жөн. Көлеңкелі экономика біздің экономикамыздың үштен біріне тең деп бағаланады. Сондай-ақ экономиканың нақты секторына көмек көрсету бойынша шараларды қайта қараған жөн. Мемлекет шынайы жұмыс орындарын ашып, қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарға ғана ақша құйғаны жөн”, – дейді ол.
Депутаттық сауалда Берік Бейсенғалиев үкімет қосылған құн салығына қатысты мәселеге кешенді сараптама жүргізіп, өзге де ұсыныстар мен шараларды зерттеуі қажет деді.
“Екіншіден, ел бюджетінің қазіргі жағдайын ескере отырып, талқыланып жатқан жаңа Салық кодексінің жобасындағы кей жеңілдіктерді қайта қарау керек. Үшіншіден, бизнес субъектілеріне арналған бөлшек салық режимінің сақталғанын ескере отырып біз салық шегінің көлемі қосымша талқылануы керек деп есептейміз. Төртіншіден, салық әкімшілігінің жұмысын жақсарту қажет. Салықтан жалтаратындармен күресті күшейткен абзал. Бұл бюджетке қосымша қаржы түсуін қамтамасыз етеді”, – дейді депутат.