"Қол жүгі үшін 14 мың теңге": Қазақстандық журналист FlyArystan әуекомпаниясының баға саясатын тексеруді талап етті
Видеодан скриншот/FlyArystan
Желіде журналист Асхат Ниязов Fly Arystan әуекомпаниясының қызметіне ашуланды. Сөзінше, лоукостер қол жүгінің нормасын ұлғайту құнын көтеріп тастаған. Ол Бас прокуратурадан компанияны тексеруді сұрады.
Асхат Ниязов Алматыдан Семейге ұшқан кезінде қол жүгінің салмағы асып кеткені үшін 14 мың теңге төлеген. Журналист лоукостердің бағаны осынша өсіруін заңсыз деп санайды.
“Мына Fly Arystan жүйкемді тоздырды. Оларға біздің шағымымызға бәрібір. Компания қол жүгі 5 кг-ден асса, қосымша ақы алады. Бұған дейін 10-11 мың теңге алатын. Енді олар 14 мың теңге алады. Неге мұндай баға дегенімде, оның құны рейс пен ауа райына байланысты деді. Қол жүгі үшін 14 мың теңге! Естеріңізде ме, бізге алғашында бұл әуекомпания билеттерді 14 мың теңгеге сатады деп сендірген еді. Шын мәнінде олай емес. Мен Алматыдан Семейге билетті 45 мың теңгеге алдым. Оны мен алдын ала алғанның өзінде осындай баға шықты. Құрметті прокуратура, бұл мәселені шешіңіздерші. Лоукостер деген арзан деген сөз, бірақ мына бағалар не?”, – деді журналист.
Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі FlyArystan әуекомпаниясына байланысқа шықты. Сондай-ақ азаматтық авиация комитетінен мұның қаншалықты заңды екенін сұрады.
FlyArystan әуекомпаниясы қол жүгінің нормасын 5 кг-нан 10 кг-ға дейін ұлғайту құны бағытқа және қызметті рәсімдеу уақытына байланысты екенін хабарлады. Алматы-Семей бағыты бойынша қызметті алдын ала онлайн сатып алғанда құны 11 500 теңге, әуежайдағы тіркеу сөресінде рәсімдегенде 12 000 теңге, ал ұшуға дейін 40 минуттан аз уақыт қалғанда ұшаққа отырғызу қақпасындағы төлем кезінде 14 000 теңге дейді. Ал жолаушы билетті сатып алу кезінде тарифтік топтама аясында қол жүгінің ұлғайтылған нормасын рәсімдеген жағдайда оның құны 7 116 теңге екен.
Сонымен қатар ауа райы жағдайлары бұл қызметтің құнына ешқандай әсер етпейтінін айтады.
“Қол жүгінің нормасын ұлғайту үшін бағаның 500 теңгеге нақты өсімі 2025 жылдың жаз маусымында жүзеге асырылды. Бұл қызмет құнының өсуі инфляция қарқынымен өзара байланыста емес. Әуе билеттерінің құны динамикалық баға белгілеу қағидаты бойынша қалыптасады және бағытқа, рейстің жүктемесіне, сұраныс деңгейіне, теңгенің долларға шаққандағы бағамына, саяхат кезеңіне және сатып алу уақытына байланысты. Қазір Алматы-Семей бағыты бойынша 2025 жылдың соңына дейінгі кезеңде әуекомпаниясының ресми платформаларында билет бағасы 16 599 теңгеден басталады”, – деп мәлімдеді Fly Arystan әуекомпаниясының баспасөз қызметі.
FlyArystan әуекомпаниясының баспасөз хатшысы Қазақстан заңнамасы мен азаматтық авиация қағидаларының қатаң сақталуы аясында қызмет ететінін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін олаушылардың шағымынан кейін FlyArystan duty free-ге қатысты ережесін өзгертуге мәжбүр болды.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
