Қоқыста тұрады: Астананың қақ ортасындағы саяжай тұрғындары өлекселер мен күл-қоқыстың ортасында күн кешуде
Жан-жағын элиталы үйлер мен биік ғимараттар қоршаған саяжай тұрғындары нағыз күл-қоқыстың ортасында күн кешуде. Бұл – Астанадағы көптің қолы жете бермейтін қымбат, әрі әдемі аудандағы жағдай.
Қаңғыбастардың мекеніне айналып кеткен саяжай жөнінде Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Мүңкіген иістен зәрезап болған тұрғындар халықаралық көрме кезінде жүк көліктері әкеліп тастаған қап-қап құрылыс қалдықтарының арасында қалған. Ол аздай ит-мысықтардың өлекселері қосылған.
Бұл Миллениум саябағы, Хазірет сұлтан мешіті және Астанадағы ең қымбат элиталық үйлердің дәл маңында болып отыр.ған жағдай. Әрине таң қалатын түк те жоқ. Тек Елорданың ең көрікті жерінің маңында жергілікті биліктің назарынан тыс қалған №231 саяжай бар. Осындағы тұрғындардың айтуынша, ЭКСПО көрмесі кезінде шетелдіктерден ұят болмасын дегендей жергілікті әкімшілік саяжайды қоршап тастапты. Көрме біткесін саяжай да ұмыт қалған. Ал ең сорақысы, мұнда құрылыстың қалдықтары да төгіледі.
Амантай Шынәлиев бұл саяжайда тұрып жатқанына 15 жылдан асқан. Айтуынша, жергілікті атқамінерлер 2015 жылы үйді бұзамыз деп хабарлаған. Алайда, олар саяжайды 4 миллионға бағалапты. Сол кезде үйлерін сатқандардың көбісі қазір далада қаңғып қалған көрінеді.
«Біз өзіміз Астананың қақ ортасында тұрамыз. Миленниум саябағы, үлкен мешіт қасымызда, ал мынау әсем қала! Астананың қақ ортасында тұрамыз! Енді үйімізді бұзуға беріп, өзімізге үй берсін! Онсызда қалада қаңғыбастар көбейіп кетті. Бәрі қапа болып, жылап жүр!» – дейді саяжай тұрғыны Амантай Шынәлиев.
Саяжайда 50-ден астам адам мекендейді. Көбісі көпбалалы отбасылар. Тұрғындар балаларды мектепке апарып, алып келудің өзі мұң дейді. “Ал баспанамызды берейік десек, құрылыс компаниясы ұсынған әз-мәз ақшаға қаладан бір бөлмелі пәтер алу мүмкін емес” деп ашынады Амантай Шынәлиев.
“Шамамен 4,5 миллон береміз дейді. Астанада мыңнан аса адамның үйін тартып алып, 3,5 миллон беріп, қаңғытып жіберіп жатыр” – дейді саяжай тұрғыны Амантай Шынәлиев.
«Экспоның алдында бұл жердің жағдайын ешкім көрмесін деп, қоршап қойды. Айналаның бәрі күл-қоқыс үйінділер. Не су, не электр жарығы жоқ. Жолшылар келіп, қоқысты үйіп-төгіп тастап кетеді»,-дейді саяжай тұрғыны.
Өркениеттен жұрдай қалған саяжайдың іші шында да күл-қоқысқа лық толы. Мұнда қалған құрылыс заттарынан бөлек тұрмыстық қалдықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жұрт «қаланың қақ ортасында тұрып, жағымсыз иістен де мезі болдық» дейді.
“15 жылдан бері ешкім келген емес. Экспода жауып тастады, қамауда қалған адам сияқтымыз!” – дейді саяжай тұрғыны Алмагүл Исмағанбетова.
Саяжайда қаңғыған ит-мысықтар мен қаңғыбастар да өріп жүр. Тіпті, қазылған құдықтарға жануарлардың өлекселерінде тастапты. Ал мүңкіген иістен, ауада ұшып жүрген бактериядан балаларымыз жиі ауыратын болды дейді жұрт. Саяжайда таза ауыз су да жоқ!
«Міне, ішіп отырған суымыздың сиқы осы. Дәл осы құдықтың суымен балаларымызды шомылдырып, ыдыс-аяқ жуамыз. Әрине ішінде бактериялар өріп жүр. Оны елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Бізді ешкім қаланың ортасында тұрады деп ойламайды!» – дейді саяжай тұрғыны Людмила Чудеса.
Осылайша, қаланың картасынан жойылған саяжайдың тұрғындары мұнда жедел жәрдем де, өрт сөндірушілер де кіре алмайтына налиды. Жергілікті әкімшілікке базынасын айтып талай рет есіктерін қаққан. Нәтиже жоқ. Сондықтанда түйіткілді мәселеге билік басындағылар араласса дейді.
Оқи отырыңыз:
Бітіру кешінде мұғалімдерге не сыйлауға болады: Білім беру басқармасы жауап берді
Ақмола облысында жігітімен ұрсысып қалған бойжеткен бір тәулік бойы орманда адасып жүрген
Ақмола облысында сегізінші сынып оқушысын сабап тастаған экс-әкім жазадан жеңіл құтылуы мүмкін
Ақтөбеде облыстық әкімдікке көлігімен басып кірген жүргізушіге қатысты жаңа мәліметтер шықты