Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда қызға кәмпит ұсынған жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды

Желіде Көкшетауда қызды ұрлау әрекеті түсірілген видео тарады. Ақпаратқа Ақмола облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Желіде тараған видеодан қызға жақындап келе жатқан жасөспірімді байқауға болады. Сосын кәмелет жасына толмаған қыз алға қарай қашады. Ал жасөспірім қуып келе жатып, кілт тоқтап қалады. 

"Қала тұрғыны жасөспірімнің қызға жақындап, онымен бірдеңе туралы сөйлесіп жатқанын видеоға түсіріп алған.  Ол баланы тал түсте біреу ұрлап әкетпек болды деп ойлап, видеоны желіге жариялаған", – деп жазылған видео астында. 

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде видеодағы жасөспірімнің жеке басы анықталды.



"Ол 2011 жылы туған бала. Көкшетау қаласындағы орта мектептердің бірінің оқушысы. 14 жастағы жеткіншек ешқандай қылмыстық мақсаты болмағанын, қызға қалжыңдап кәмпит ұсынғанын айтты", – делінген хабарламада. 

Жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылатын жасқа толмағандықтан заңды өкіліне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабының 1-бөлігімен (Қоғамдық орындарда тиісу) материал толтырылды. 

Полиция департаменті видео авторына азаматтық ұстанымы мен қамқорлығы үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін 11 ақпанда Қазақстан халқын дүр сілкіндірген оқиға болды. Жасөспірім Астанадағы тұрғын үйдің лифтінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Оқиғадан кейін бала ауыр халде №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер зардап шеккен баланы ота жасап құтқарып қалды, қазіргі жағдайы тұрақты деп бағаланды. Кейін Астана қаласы полиция департаменті күдікті жасөспірімнің ұсталған сәтінің видеосын жариялады.

Талқылау