Көкшетауда білімін жетілдіруге келген ұстаздар қаңғып қалды
Көкшетауда білімін жетілдіруге барған ұстаздардың көбі жүктерін арқалап, далада қалды. Олар облыстың түкпір-түкпірінен ағылшын тілін оқытудың 3 айлық курсына жіберілген екен. Сабақ басталып кеткенімен, мұғалімдердің тұратын жері әлі жоқ. Бұл туралы КТК хабарлайды.
173 мұғалімді мұнда Ақмола облыстық білім басқармасы шақырған. Алайда олардың жатын орны мәселесін курс оқытатын серіктестігі шешуге тиіс деп отыр.
Ағылшын тілін меңгеруді мақсат еткен 173 ұстаз – физика, информатика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері. Кейбірі бала-шағасын тастап, Көкшетауға 500 шақырым жерден жеткен. Енді міне ағылшын тілі деген армандары адыра қалып, қонатын жер таппай әлек. Ал жол шығыны мен пәтер жалдауға 40 мың теңге қарастарылыпты.
“Біз ақшаны тамаққа жұмсап, үйде тұрамыз деп келдік. Біз тамақ аламыз ба, әлде пәтер жалдаймыз ба?”, – дейді мұғалім Светлана Нұрмақанова.
Жүктерін арқалаған ұстаздар шабадандарын кабинеттен кабинетке тасып жүр. Ал әлгі 40 мыңды осы курсты оқыту құқығын иеленген жеке серіктестік төлеуі тиіс. Әйтсе де олар мерзім туралы мұғалімдерге ескертілмеген деп ақталады.
“Курстың әрбір айы біткен соң, келесі айдың 10-ында өтемақы төленеді. Яғни олар бұл 40 мың теңгені 10 қазанда алады. Бұл жағдайды облыстық білім басқармасы,аудандық білім бөлімдері мұғалімдерге түсіндіруі керек еді”, – дейді «Астана білім ордасы» ЖШС әдіскері Ернар Акисев.
Ал, білім саласындағы шенеуніктер арнайы курстан өтуге барған ұстаздардың жатын орны мәселесімен мүлдем айналыспаймыз деп отыр.
“Біздің міндетіміз – курсқа баратын мұғалімдерді анықтап, тізімін беру. Ал олардың қайда қоныстанатынын, оқыту мәселесін тендерде жеңіп алған серіктестік шешуі тиіс”, – деді Ақмола облыстық білім басқармасы оқу- әдістемелік кабинетінің директоры Қарлығаш Құдабаева.
Іс насырға шапқанда, білім басқармасы мен серіктестік осылайша жауапкершілікті бір- біріне сілтеді. Ал «мұндай оқудың керегі жоқ, үйге қайтамыз» деп ашуға мінген ұстаздар мәселенің тезірек шешілуін талап етуде. Өйткені пәтер жалдау үшін ай сайын қарызданып-қауғаланып жүруге әзір емеспіз дейді олар.
Оқи отырыңыз:
ШҚО-да желіге әдепсіз суреттерін жариялаған шенеуніктер жазаланды (фото)
Алматылық бала көрші аулалардағы шашылған қоқыстарды жинап жүр (фото)
Шымкентте 3 жасар бала ашық жатқан сым тоғына түсіп, қолын тұтас күйдіріп алды
Тоңазытқыштан табылған егіздердің ағасының әрі қарайғы тағдыры белгілі болды