Қоқыс полигонындағы өрт: Алатау қаласында төтенше жағдай жарияланды
Фото: Алматы облысы әкімдігі
Алатау қаласында қоқыс полигонында шыққан өртке байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдік мәліметінше, Алматы облысына қарасты Алатау қаласында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Қоқыс полигонында шыққан өртті сөндіру жұмыстары төрт күннен бері жүргізіліп жатыр.
Қала әкімдігі төтенше жағдай енгізу өрт сөндіру жасақтарын, құтқарушылар мен арнайы техникаларды жедел жұмылдыруға, сондай-ақ барлық қызметтердің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қоқыс полигонындағы өрт: Алматы әлемдегі ең лас қалалардың қатарына қосылды
“Қабылданған шаралар өрт зардаптарын жою жұмыстарын жеделдетуге бағытталған. Жағдай бақылауда. Тұрғындардың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Өрттің шығу себептерін анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізілмек. Әкімдік тұрғындарды сабыр сақтап, ресми ақпараттарға ғана сенуге шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында орналасқан қоқыс полигонында өрт шыққаны туралы жазған едік.

"Декретке миллионмен" дауы: Курстың негізін қалаған депутат Дәулет Мұқаевқа тексеріс жүргізіле ме?
