Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам Көк төбедегі қымбатшылыққа шағымданды: Саябақтың иесі кім және неліктен бағалар жоғары?

Фото: Stan.kz / Суретті парк басшылығы жіберген

Алматыдағы Көк төбеге көлікпен кіру құны 25 мың теңгеге жетіп, әлеуметтік желіде наразылық туғызды. Блогерлер мұндай баға отбасылық демалысты қолжетімсіз етті десе, парк әкімшілігі тарифтің қымбаттауына өз уәжін алға тартады. Осы ретте Stan.kz тілшісі парктің әкімшілігіне хабарласып, тарифтің не себепті қымбат екенін сұрап білді.

Желіде блогерлердің бірі Әсет Мұрзабаев Көк төбеге бару құнының қымбаттағанына шағымданды. Оның айтуынша, паркке көлікпен кіру, тұрақ және жоғарыға шығу бағасы отбасылық демалысты айтарлықтай қымбаттатып жіберген.

"Көк төбеге кіріп, көлікті қою 25 мың теңге болды. Одан бөлек, автобус билеті бір адамға барып-қайтуы 4 мың теңге тұрады. Төртеуімізге 16 мың теңге шықты. Мұндай бағамен адамдар жай ғана табиғатта демалу үшін келе бермейді. Бұл жоғарыдағы мейрамханалар мен дүкендердің жұмысына да кері әсер етуі мүмкін", – деді блогер.

Сондай-ақ ол канат жолының да қымбат екенін айтып, мұндай бағалар қаланың басты көрікті жерін көпшілікке қолжетімсіз етіп бара жатқанын жеткізді.

"Канат жолы ересек адамға екі бағытқа 10 мың теңге тұрады. Қаланың көрінісі әдемі, бірақ осылайша бұл жер көпшілік үшін қолжетімсіз болып бара жатқандай", – деп қосты ол.

Осыған байланысты редакция Көк төбе паркінің ресми сайтына кіріп, бағалардың қандай екенін зерттеп көрді. Мысалы, аспалы жол (канат) тарифтері ересектер үшін:

  • Бір бағытқа – 6 000 теңге
  • Барып-қайту – 10 000 теңге

Ал 6-12 жас аралығындағы балаларға:

  • Бір бағыт – 3 000 теңге
  • Барып-қайту – 5 000 теңге

Fast Track қызметін алатындарға бір кабинканы – қонақ және тағы 7 адамға дейін жалдау)

  • Бір бағыт – 100 000 теңге
  • Барып-қайту – 130 000 теңге төлеу қажет.

Көк төбеге қатынайтын жолаушылар автобусының тарифі бағыт пен уақытқа қарай өзгереді. Көк төбеге қатынайтын автобустар Омарова көшесінен ересектер үшін:

  • Бір бағыт – 3 000 теңге
  • Екі бағыт – 4 000 теңге

6-12 жастағыларға

  • Бір бағыт – 1 300 теңге
  • Барып-қайту – 1 800 теңге

Ал Достық даңғылынан сейсенбі күні таңғы уақытта ересектер үшін жол ақысы 4 000-5 000 теңге дейін жетеді екен. Көк төбе саябағындағы ойын-сауық бағалары да келушілердің қалтасын қақпай қоймайды. Аттракциондардың басым бөлігі:

  • 1 000-4 000 теңге аралығы

Экстремалды ойындар одан да қымбат:

  • Fast Coaster – бір айналымы 7 000 теңге
  • Шолу дөңгелегі – 4 000 теңге дейін

Танымал аттракциондар:

  • VR ойындары – 1 500-3 000 теңге
  • Автодром – 1 500-3 000 теңге
  • Скалодром – 1 500-3 000 теңге
  • Шыны лабиринті – 1 500-3 000 теңге

Балаларға арналған ойын-сауық та арзан емес

  • Батут – 1 000-2 500 теңге
  • Лабиринт – 1 000-2 500 теңге
  • Электромобиль – 1 000-2 500 теңге
  • Шағын пойыз – 1 000-2 500 теңге
  • Арқан саябағы – бағыттарына қарай 1 500-5 000 теңге

Арқан саябағы бағыттарына байланысты 1 500 теңгеден 5 000 теңгеге дейін барады. Қорқыныш бөлмесі, иллюзион, арнайы эффектілі кинотеатр сияқты жабық ойын-сауықтардың бағасы да бірнеше мың теңгеден төмен емес. Тіпті ерекше қызметтердің өзі коммерцияланған. Саябақ аумағында тұрмысқа шығуға ұсыныс жасау – 30 000 теңге тұрады. Ал балалар арбасын жалға алу, тир, туннель, түрлі шағын карусельдер мен виртуалды ойындардың әрқайсысы жеке төленеді.

Айта кетейік, Көк төбе саябағының артында тұрған бизнес құрылымдарға келсек, осы нысан жеке ойын-сауық алаңы ғана емес, ірі кәсіпкерлік топтың бір бөлігі екені байқалады. Саябақтың құрылтайшысы ретінде қазақстандық кәсіпкер Есенғали Байменовтің атымен байланыстырылып келеді. Ашық деректерге сенсек, Байменов әр жылдары "Park KokTobe", "Планета Фантазия", "Алатау" сияқты компаниялардың иесі ретінде аталады. Сондай-ақ ол "Меркур Холдинг" (кейін "НБ Консалт"), оған кіретін "Меркур Град", "Меркур Бетон", "Меркур Коммерц", "Agro Mercur", Monteverde Astana, "ЭКСПО-Авто", "Арасан" кешені, "Коктобе Фуд-Сервис" секілді бірқатар кәсіпорындармен аффилирленген.

Фото: Есенғали Байменовтің желідегі парақшасынан

Кәсіпкердің негізгі бизнесі 1990-жылдардың ортасында автокөлік сатудан басталған. Porsche, Volkswagen, Audi, Mitsubishi секілді шетелдік брендтердің дилерлігі оның алғашқы табыс көздерінің бірі болған. Кейін бизнесі девелопмент, құрылыс, қызмет көрсету, ойын-сауық индустриясы мен сауда салаларына кеңейген. 2014 жылы Байменов Францияның Атырау қаласы мен облысындағы құрметті консулы болып тағайындалды. Сол кезеңде оның иелігіндегі "Park Kok Tobe" француздық Poma компаниясымен Алматыдағы аспалы жолды жаңарту туралы келісім жасасқан. Жоба нәтижесінде Көк төбеге апаратын гондолалы заманауи канат жолы іске қосылды.
Forbes Kazakhstan рейтингіне сәйкес Байменов бірнеше жыл қатарынан елдегі ең ықпалды бизнесмендер тізіміне енген. 2017 жылы 41-орын, 2018 жылы 42-орынды еншілеген.

Adata.kz сервисінде компаниясының құрылтайшысын емес, директоры ретінде кәсіпкер Сағындық Сәлімұлы деп көрсетілген.

Фото: Adata.kz

Ашық деректерге қарағанда, иелігіндегі "Park Kok Tobe" ЖШС бюджетке қомақты салық төлейтін кәсіпорындардың қатарында. Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, компания 2015 жылдан бері жалпы алғанда 5,5 миллиард теңгеден астам салық және міндетті төлемдер аударған. Оның ішінде шамамен 4,7 миллиард теңгесі тікелей салықтар, ал 798 миллион теңгеден астамы еңбекақы қорынан төленетін міндетті төлемдер.

Жекелеген жылдарға қарасақ, мысалы, 2025 жылы компания бюджетке 1,07 миллиард теңгеден астам қаржы аударған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 871 миллион теңгеден асса, 2022 жылы шамамен 769 миллион теңгені құраған. Яғни Көк төбе аумағында жұмыс істейтін бизнес тек ойын-сауық табысын алып қана қоймай, мемлекет қазынасына да жүздеген миллион теңге көлемінде қаржы құйып отыр. Компания 2004 жылы тіркелген, қазіргі таңда орта кәсіпорын санатына жатады (150-ден астам қызметкер), қосымша құн салығын төлеуші және Алматы қаласының Медеу ауданындағы салық органында есепте тұр.

Фото: Adata.kz

Ал парктің әкімшілік басшысы Фархат Уәлиев блогердің парк жұмысына қатысты сыны негізсіз екенін айтады.

"Қоғам белсенділері мен әлеуметтік желі қолданушылары ақпараттың түпкі негізін анықтамай жатып, жансақ пікір таратып жатыр. WhatsApp арқылы немесе блогерлердің жазбаларына сеніп, ресми мәліметті нақтыламай тұрып негатив пікір айту көбейген. Соның салдарынан мәселенің мән-жайы толық түсіндірілмей, тек сын мен айқай-шу басым болып отыр", – деді Фархат Уәлиев.

Оның сөзінше, баға өсімі табыс табу мақсатынан емес, парк аумағындағы көлік жүктемесін азайту және қауіпсіздікті сақтау үшін енгізілген.

"Көтеріліп жатқан баға коммерциялық табыс табу немесе байып кету мақсатынан туындап отырған жоқ. Негізгі мақсат – парк аумағына көтерілетін көліктер санын шектеу. "Көк Төбе" орналасқан аумақ экологиялық әрі санитарлық аймақ болғандықтан, көліктердің шамадан тыс көтерілуі дұрыс емес. Паркке келетін жаяу жүргіншілер, туристер, балалар бар. Біз өз тауымыздың табиғатын, қаланың мәдени келбетін сақтап, келушілерге қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе аумақ ретсіз көлікке толып, автобазарға ұқсап кетуі мүмкін", – деп жауап берді Фархат Уәлиев.

Фархат Уәлиевтің сөзінше, өкінішке қарай, келушілердің бәрі бірдей тәртіп сақтай бермейді. Кейбірі көлігін дұрыс қоймайды, жолды жауып кетеді, кейде жылдамдықты арттырып айдайды екен.

"Ал бұл жерде туристердің балалары ойнап жүреді, жаяу адамдар көп. Сондықтан енгізіліп отырған шаралар, ең әуелі, қауіптің алдын алу және тәртіпті сақтау үшін қажет. Көбі біле бермеуі мүмкін. "Көк Төбе" паркі жекеменшік қолданыста, мемлекеттен немесе әкімдік тарапынан қаржылай қолдау алмайды. Түсетін қаражаттың барлығы паркті күтіп-ұстауға, инфрақұрылымды дамытуға, аттракциондарды жаңартуға, жөндеу жұмыстарына және қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалады", – деп түсіндірді парктің ресми өкілі.

Әкімшілік басшысы Фархан Уәлиевтің сөзінше, бағаға салықтың өсуі, доллар бағамының құбылуы және қызмет көрсету шығындарының артуы әсер еткен. Ол парк табысының негізгі бөлігі мамыр–тамыз айларында түсетінін, сол қаражат жыл бойғы күтім мен шығындарды жабуға жұмсалатынын айтты.

"Бақылау алаңдарында тұрған көліктерде қоғамдық тәртіп бұзу, тіпті әдепсіз әрекеттер жасау фактілері тіркелген. Мұндай жағдайлардан кейін аумақта қоқыс, салфетка және басқа да қалдықтар қалып, табиғи орта ластанады. Бұл шаралар:

  • шу мен шығарындыларды азайтуға;
  • өсімдіктер мен табиғи ландшафты сақтауға;
  • жаяу жүргіншілер мен балалармен келген отбасыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", – деп отыр Фархат Уәлиев.

Кіру ақысынан түскен қаражат қайда жұмсалады?

Саябақ өкілінің мәліметінше, жиналған қаражат:

  • аумақты санитарлық тазалауға;
  • қоқыс шығаруға;
  • күзет пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге;
  • жасыл желекті күтіп-баптауға;
  • туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Әкімшілік мәліметінше, Көк төбеге басқа тәсілдермен де көтерілуге болады: жаяу Денсаулық соқпағымен, аспалы жолмен (канатка) немесе шағын автобустармен.

Фото: Stan.kz / Суретті парк басшылығы жіберген

Жұмыс күндері бұл қызметтерге жеңілдіктер қарастырылған:

  • 5 жасқа дейінгі балалар – 100% (аспалы жол, микроавтобус, жаяу кіру);
  • зейнеткерлер – 100% (аспалы жол, микроавтобус);
  • көпбалалы отбасылар – 30% (аспалы жол, микроавтобус);
  • спортшылар – 100% (жаяу кіру);
  • ҰОС ардагерлері – 100% (барлық түрі);
  • І топ мүгедектігі бар адамдар – 100% (аспалы жол, микроавтобус, арнайы көлікпен кіру);
  • ІІ-ІІІ топ мүгедектігі бар адамдар – 100% (аспалы жол, микроавтобус);
  • Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер – 100% (аспалы жол).

Саябақ өкілінің болашақта тарифті 30 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын да жасырмады.

"Бұл нысанға келушілердің жауапкершілігін арттырып, саналы түрде келуіне ықпал етеді", – деді Фархат Уәлиев.
Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 17:58