"Көк чемоданды алып кеткенін көрдім": Сотта Бишімбаевтардың үй қызметшісі сөйледі
Фото: pixabay.com
Астанада Қуандық Бишімбаевтың анасы жәбірленуші ретінде танылған 1 миллион долларды құрайтын алаяқтық ісі бойынша сотта олардың үй қызметшісі куәлік етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үй қызметшісі Күнсұлу Қожахметованың айтуынша, айыпталушы Бекзат Кемелова Бишімбаевтың ата-анасының үйіне жиі келіп тұрған және оны әрдайым жақсы қарсы алған.
"Ол талай рет келді, біз оны жақсы қарсы алатынбыз. Мен асүйде жұмыс істеймін, сондықтан олардың не туралы сөйлескенін білмеймін, араласпадым. Кемелова келген сайын Нұрлыбекова өзін қысымда жүргенін айтып шағымданатын. Сол кезде біз жедел жәрдем шақыратынбыз", – деді Қожахметова.
Сондай-ақ үй қызметшісі Кемелованың үйден көк түсті чемодан алып шыққанын көргенін айтты.
"Мен оның көк чемоданды алып кеткенін көрдім. Содан кейін Кемелованы бұл үйде ұзақ уақыт көрмедім", – деді ол.
Айыпталушының адвокатының нақтылау сұрақтарына жауап берген Қожахметова чемоданды бұрын жатын бөлмеден көргенін, алайда ішінде не болғанын білмейтінін айтты. Ол сондай-ақ Бишімбаевтардың үйінде құнды заттар мен ақшаның қайда сақталғанынан хабарсыз екенін жеткізді.
"Жоқ, мен ол туралы білмеймін. Мен тек үй жинаймын, ыдыс жуамын, тамақ дайындаймын, үтіктеймін. Құжаттарды қараған емеспін, оны түсінетіндей білімім де жоқ", – деді ол.
Оның айтуынша, жатын бөлмеде сейф бар. Бірақ оның ішінде не сақталғанын білмейтінін айтты.
Сот отырысында жәбірленуші – Бишімбаевтың анасының туған әпкесі Ұлжан Нұрлыбекова да куәлік берді. Ол отбасылық отырыс кезінде айыпталушы Кемелованың әпкесімен сөйлескен әңгімесін естігенін айтты.
"Шай құйып жүргенімде Бекзаттың Нұрлыбековаға сыбырлап, барлық Бишімбаевтар Антикордың тізімінде бар екенін айтқанын естідім. Альмира Нұрлыбекова бірден қобалжып қалды. Бет-жүзінен қорқыныш пен абыржу байқалды. Маған да бұл сөздерді есту жағымсыз болды. Тізімде Кемеловтардан басқа бәрі бар дегені", – деді Ұлжан Нұрлыбекова.
Айыпталушының нақты не естідіңіз деген сұрағына куәгер былай жауап берді:
"Естігенімді айтып отырмын. “Антикор” және “тізім” деген сөздерді өз құлағыммен естідім. Мен байқағыш адаммын, сіздер үнемі дастарқан басында сыбырласып сөйлесетінсіздер", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Бишімбаевтың ата-анасы өз туыстары – Қайрат және Бекзат Кемеловтермен соттасып жатқанын айтқан едік. Альмира Нұрлыбекова Бекзатты шамамен 1 миллион доллар көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның күйеуін жалған ақпарат таратты деп айыптаған.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты