Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоғам үшін қиын кезең басталды": Елімізде азаматтарды бақылау мен донос жүйесін іске қосатын заң қабылданды

Фото: Telegram-арна finansovyjdzhinn

Сенат депутаттары құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасын және оған ілеспе құжаттарды мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“ЛГБТ насихаты туралы” заңнан бөлек, Сенат ішкі істер министрлігі тарапынан ұсынылған “Құқық бұзушылықтардың алдын алу” заңын да мақұлданды. Құжатта елімізде азаматтардың әрекетін қадағалау мен арыз-шағым беру заңдастырылтыны жазылған.

Жаңа заң азаматтардың мінез-құлқын кең көлемде бақылауға мүмкіндік береді. Ол “қоғамға қарсы мінез-құлық” деген анықталмаған ұғымды енгізеді. Мұны қылмыс немесе құқық бұзушылық деп қарастыру қажет емес. Бұл тек белгілі бір полиция қызметкеріне, әкімдікке немесе “қоғамдық көмекшіге” этика нормаларына сәйкес келмейтін сияқты көрінетін іс-әрекеттер.

Сенатор Марат Қожаевтың айтуынша, заң аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілерінің тізімі мен өкілеттігі едәуір кеңейтілді. Олардың өзара келісіммен, бірлесіп жұмыс істеу жолдары айқындалды. Бұл бағыттағы үйлестіру Үкімет жанынан құрылатын Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия, аудандар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары арқылы жүзеге асырылады.

Заңда алғаш рет Қазақстандағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл баяндама Үкімет тарапынан президентке ұсынылады. «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында алдын алу жүйесі қайта қаралып, ол жалпы, жеке және арнайы шаралардан тұрады. Жалпы профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтардың әлеуметтік-экономикалық себебі мен жағдайын жою арқылы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағытталады.

Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың уәкілетті тұлғаларына құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасы шараларын қолдану құқығы беріледі. Бұл шаралар профилактикалық әңгіме жүргізу, ресми ескерту жасау, жақындауға тыйым салу, әкімшілік жаза қолдану, қиын өмірлік жағдайдағы адамдарды есепке алу, профилактикалық есеп пен бақылау, қорғау нұсқамасы және өзге де шараларды қамтиды.

Сонымен қатар уәкілетті органдарға құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерінің алдын алу, олардың себептері мен жағдайларын жою сынды арнайы профилактикалық шараларды қолдану құқығы беріледі.

Заңда виктимологиялық профилактика енгізіледі. Ол нақты бір тұлғаның немесе адамдар тобының құқық бұзушылықтан жәбірлену қаупін азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, азаматтар құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысына ерікті түрде қосыла алады.

Сондай-ақ заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қайталама қылмыстың, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың, қоғамдық орындардағы және экономикалық құқық бұзушылықтардың, балалардың қараусыз қалуы, панасыздығы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу ерекшеліктері көзделген.

Сонымен қатар, заң 17 құқықтық актіге, оның ішінде Азаматтық, Қылмыстық-атқарушылық, Әкімшілік процедуралық, Әлеуметтік кодекстерге, басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Мысалы, қылмыстық-атқарушылық кодексте қайталама қылмыстың алдын алу мақсатында, түрмеден босатылған тұлғаларға әкімшілік бақылау тәртібі мен мерзімдері кеңейтіледі. Әкімшілік процедуралық кодексте өтініштердің мазмұны мен қарастырылмайтын мәселелер тізімі нақтыланады. Мысалы, жеке немесе заңды тұлғаның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін, есірткі заттарын насихаттауға арналған өтініштер қаралмайды.

Балалардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне әкімдікте балалардың құқығын қорғау бойынша өңірлік өкілетті орган құруға құқық беріледі. Бұл органның қызметкерлеріне ерекше мәртебе беріліп, Қазақстанның «Балалардың құқығы туралы» заңында бекітілген киім үлгісін киюге рұқсат етіледі.

Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының қызметін теңгерімді және олардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, атқарушы құжаттарды бөлу тетігі қайта қаралды.

Жол қозғалысына қатысушыларды электрсамокат жүргізушілерінің заңсыз әрекетінен қорғау үшін:

электрсамокат иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі;

әр электрсамокатқа тіркеу нөмірін беру және оны белгілеу міндеті қойылады, тәртібі Ішкі істер министрлігімен бекітіледі.

Бұл құжат Сенатта мақұлданған соң журналист Асхат Ниязов өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Сенатта қабылданған жаңа заңда “антиқоғамдық мінез-құлық” деген ұғым пайда болды. Бірақ заңда бұл ұғым нақты анықталмаған. Сондықтан полиция қызметкері немесе әкімдік қызметкері оны өзіне ыңғайлы етіп түсіндіре алады. Бұл дегеніміз, кей адамдарға қатысты шаралар көбеюі мүмкін деген сөз.

“Сонымен бірге, заң бойынша адамдарға басқалардың құқық бұзғанын көрсететін фото немесе видео материалдар жіберсе, оған ақша төленеді. Демек, донос жасау ресми түрде заңдастырылды. Сонымен қатар, “қоғамдық көмекшілер” енгізіліп, оларға арнайы куәлік беріліп, кей жағдайларда күш қолдануға және рейд өткізуге рұқсат беріледі”, – деді Ниязова.

Асхат Ниязов бұл заңды ерекше әрі қауіпті деп сипаттап, алдағы уақытта қоғам үшін қиын кезең басталуы мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, 18 желтоқсанда Сенат депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын мақұлдаған еді. Кейін олар Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттағандарға қандай жаза қолданылатынын айтты. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 16:49