"Кофе ішіп отыратындар ғана емес": Самұрық-Қазына басшысы 650 қызметкердің қысқартылатынын айтты

“Самұрық-Қазына” қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов “сол жағалауда кофе ішіп отыратындар” туралы әңгімелерге жауап беріп, қор қызметкерлерінің 10 пайызы қысқартылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, шамамен 650 адамға қатысты шешім кофе ішкені үшін ғана емес, басқа да талаптарға қатысты қабылданбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қор басшысы қызметкерлердің 10 пайызы қысқартылатынын мәлімдеді. Бұл шамамен 650 адам деген сөз. Қысқарту жұмыстары наурыз айының соңына дейін жүргізіледі және бәрі заң талаптарына сай жүзеге асырылады.
"Біз 10 пайыз қызметкерді қысқартамыз. Бұл шамамен 650 адамға қатысты шешім. Қысқарту әкімшілік-басқару персоналына жүргізіледі. Өндірістік қызметкерлерге бұл өзгеріс әсер етпейді", – деді Жақыпов.
Ол қысқарту "сол жағалауда кофе ішіп отыратындар" деген бейресми әңгімелермен емес, нақты жүйе негізінде жүзеге асатынын атап өтті.
"Бізде қызметкерлерді бағалау жүйесі бар, тиімділік көрсеткіштері (КПД) есепке алынады, сондай-ақ мотивациялық тетіктер қарастырылған. Шешім қабылдағанда осының бәрі ескеріледі. Процесс заң аясында, объективті түрде өтеді", – деді қор басшысы.
Жақыповтың сөзінше, барлық еңбек ұжымында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қысқарту еңбек заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және наурыз айының соңына дейін аяқталады. Өтемақы мәселесіне қатысты ол нақты бір сома айта алмайтынын жеткізді.
"Кейбір жерде ұйымдық құрылым қайта қаралады, кейбір жерде нақты қысқарту болады. Сондықтан өтемақы көлемі әр жағдайда әртүрлі болуы мүмкін", – деді ол.
Қор басшысы қысқарту орталық аппарат пен әкімшілік-басқару қызметкерлеріне қатысты болатынын, филиалдар мен өндірістегі қарапайым жұмысшылар бұл процеске ілікпейтінін нақтылады.
- "Шай-кофе ішіп, бос отырады": "Бәйтерек" басшысы президенттің сынына жауап беріп, онымен келіспейтінін айтты
- "Күмәнді көрінеді": Депутат Азат Перуашев "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасының табысын сынға алды
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров QazaqGaz ұлттық компаниясының жұмысын сынға алып, штат санын қысқартуды ұсынды. Оның айтуынша, жылына шамамен 350 миллион текше метр газ өндіретін компанияда 10 мыңнан астам қызметкердің болуы тиімділікке күмән тудырады. Саиров үнемделген қаражатты өңірлерді, әсіресе Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыруға бағыттау қажет екенін айтты. Ол ауыл тұрғындарының әлі күнге дейін көмір мен тезек жағып отырғанын “ұят жағдай” деп бағалады. Депутат “тек кофе ішіп отырған” артық қызметкерлерді қысқартып, олардың жалақысын халық игілігіне жұмсауды ұсынды.
Қазақстандық ер адам Көк төбедегі қымбатшылыққа шағымданды: Саябақтың иесі кім және неліктен бағалар жоғары?