"Көбіне жастардың ұсталатыны рас": Сот алқасының төрағасы есірткі жасырушыларға қатысты жазаның жеңілдемейтінін айтты
Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов сенат кулуарында есірткі жасырушыларға қатысты жаза жөнінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Сенат отырысынан кейін журналистер Шәріповтен есірткі жасырушыларға қатысты жазаның қатаңдығы туралы сұрады. Өз сөзінде сот алқасының төрағасы президенттің тапсырмасымен осы тектес қылмыстарға жазаның күшейтілгенін айтты.
"Иә, көбіне жастардың ұсталатыны рас, олар түрмеден қандай адам болып шығады? Енді қарсы сұрақ қояйын: олар жастардың арасында есірткі таратып жүр ғой, жастарды ауыр әрі емделмейтін затқа тәуелді етіп, елдің болашағына үлкен зиянын тигізіп отыр. Бұл адамдарды кім ойлайды?" – деді Шәріпов.
Сондай-ақ бұл мәселеге келгенде бақылау мен тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті.
"Жазаны қатаңдата отырып, мемлекет мұндай қылмыстың алдын алу шараларын жүргізуі керек. Қылмысты біле тұра жасайды, жайдан-жай кездейсоқ адам синтетикалық есірткіні жасырушыға айналмайды. Олар 10-15 жылға сотталады, мұның аз емес екенімен келісемін. Бірақ осыны біле тұра қылмысқа барады. Оның үстіне біз оларды ғана емес, уланып жатқан адамдарды да ойлауымыз керек", – дейді ол.