Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көбі мені тірі ме деп уайымдады": Желіде танылған оралдық өрт сөндіруші жарылыстан қалай аман қалғанын айтып берді

жарылыста аман қалған оралдық өрт сөндірушіФото: Қуаныш Тілешовтің жеке архивінен

Оралдық өрт сөндіруші Қуаныш Тілешов 12 желтоқсандағы пәтердегі жарылыстан аман қалды. Күшті жарылыс сәтінде ол батылдық танытып, алаңсыз әрекет етті. Қуаныштың ерлігі мен кәсіби дайындығы оның ғана емес, отбасының да тыныштығын сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mgorod.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Апат Циолковский көшесіндегі №1 үйде болды. Күндіз төтенше жағдайлар қызметіне үшінші қабаттағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабар келді. От тез таралды, подъезд толық түтінге толды. Жағдайды бағалаған соң, құтқарушылар пәтерге балкон арқылы кіруді шешті. 

Қуаныш солардың ішінде бірінші болып жоғарыға көтерілді. Ол бөлмеге кірмек болып тұрған сәтте қатты жарылыс болған.

"Барлығы секундтар ішінде болды. Қатты жарылыс болды, тіпті, не болғанын бірден түсінбедім. Ең бастысы, жерге жата алдым, әйтпесе салдары әлдеқайда ауыр болар еді. Құдай сақтап қалды деп ойлаймын", – деп еске алады өрт сөндіруші.

Соққы толқыны соншалықты күшті болды, балкон мен терезе конструкциялары дерлік жойылды.

Қауіпке қарамастан, Қуаныш қызметте үйреткендей алаңсыз әрекет етті. Оқиға болған соң оның телефоны таусылды, және ол жарылыс туралы ақпараттың қаншалықты резонанс тудырғанын білмеді.

"Бөлімге оралғанда телефонымды қосып, онда ондаған қоңырау түскенін көрдім. Маған әйелім, туыстарым, әріптестерім, басшыларым, тіпті таныс емес адамдар хабарласып, жағдайымды сұрады. Сол кезде мен өз жұмысымның шынымен маңызды екенін сезіндім", – деп айтты ол.

Айта кетейік, Қуаныштың жасы 30-да. Оралда туып-өскен. Өрт сөндіруші болу шешімін жастайынан қабылдаған. Ол қызметтің үнемі қауіп-қатерге толы екенін түсінеді және оған тек физикалық қана емес, моральдық жағынан да дайын. Қызметтен тыс уақытта Қуаныш қамқор күйеу және әке. Ол жұбайы Манармен бірге төрт баланы тәрбиелеп отыр. Әйелі ерінің мамандығы туралы бастапқыдан-ақ біліп, танысқан кезде ол өрт бөліміне қызметке тұрған еді. 

"Әрине, мамандық қауіпті. Бірақ егер адам өз ісін ұнатса, өз орнында екенін сезінсе, оны қолдау маңызды", – дейді Манар.

Жағдайды естіген жары Манар сол күні хабарлама мен видеоларды көріп, дереу күйеуіне қоңырау шалған.

"Қатты қорықтым, жүрегім қысылды. Бірақ Аллаға шүкір, ол тірі", – деп еске алады ол.

Үйде олар ауыр қызмет сәттерін қайта қозғамайды. Ең бастысы, Қуаныш демалып, қалпына келуі дейді жақындары. 


"Балтамен есікті жауып кеткен": Қызғаныштан сүйіктісі мен екі еркек отырған үйге өрт қойған ер адам 25 жылға сотталды


Қарағандыдағы дәмханада газ жарылып, екі адам қаза тапты (видео)


Еске салайық, бұған дейін Орал қаласында бес қабатты үйдегі пәтерлерінде өрт шығып, өртті сөндіру кезінде жойқын жарылыс болғанын жазған едік. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Видеода өрт сөндірушінің терезе арқылы пәтерге кіріп жатқан сәті көрінеді. Дәл осы кезде жойқын жарылыс болады. Абырой болғанда, өрт сөндіруші аман қалған. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 15 Желтоқсан, 2025 11:14