Көбі ерлер: Қазақстандықтардың суицидті қандай себеппен жасайтыны белгілі болды
Биыл қаңтар айында 234 қазақстандық суицид жасаған. Өңірлер бойынша ең көп суицид жасағандар Алматы облысында тіркелді. Сарапшылар адамдардың суицид жасауына ажырасу, туыстарымен келіспеушілік, ата-анасымен жанжал және жақын адамдарынан айырылу себеп болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Статистикаға сенсек, қаңтар айының өзінде 234 қазақстандық суицид жасаған. Былтырғымен салыстырған 3 адамға (немесе 1,3%-ға) аз. Көп жағдайда өзіне қол жұмсағандар есін білетін күйде болған (177 адам). Алкогольдік масаң күйде болғандар сирек(50 адам). Тағы 7 адам психикалық сырқаттың әсерінде болған.
Тіркелген суицидтердің едәуір бөлігін – 82,1%-ын ер адамдар жасаған: 192 адам. Қиын өмірлік жағдайлар көбіне ересек ер адамдар үшін қайғылы аяқталады: 2025 жылдың қаңтарында суицид жасағандардың ең көбі 35-44 жас (47 адам), 45-54 жас (38 адам) және 55-64 жас (29 адам) аралығында болған. Бұл санаттар барлық суицид жасаған ер адамдардың шамамен 60%-ына тең.
Бұдан бөлек өткен айда 42 әйел өз-өзіне қол жұмсады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз (51 адам). Мұндай қайғылы оқиғалар көбіне 18-24 және 45-54 жас аралығындағы әйелдер арасында (әр топта 8 адамнан) және 35-44 жас аралығындағы әйелдер арасында (7 адам) болған.
Айта кетейік, суицид жасағандардың 5,6%-ын кәмелетке толмағандар толтырды – 13 адам. Олардың басым бөлігі – 11 адам толық отбасында өскен.
Өңірлер бойынша ең көп суицид жасағандар Алматы облысында тіркелді: 24 адам, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жоғары көрсеткіштер Түркістан (23 адам) және Ақтөбе (20 адам) облыстарында да байқалды. Қазақстандықтар өзіне қол жұмсауды ең сирек таңдаған өңірлер – Ұлытау және Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы.
Өткен айда суицидтік мінез-құлыққа негізгі себеп болған ауыр материалдық жағдай 26 адамның өліміне әкелді. Былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Қатты жалғыздық сезімі 14 адамның өмірін қиды, ал қолайсыз тұрғын үй жағдайлары 8 адамның суицид жасауына себеп болды. Қарым-қатынастың үзілуі, оның ішінде ажырасулар – 7 адамның, ауыр соматикалық аурулар – 5 адамның, туыстарымен келіспеушілік – 4 адамның, жұбайымен жанжал – 2 адамның, ата-анасымен жанжал – 1 адамның өліміне себеп болған. Сонымен қатар жақын адамдарынан айырылу және жасаған қателері үшін жазаланудан қорқу секілді факторлар 1 адамнан суицид жасауға итермелеген.
Мұнда тек белгілі себептері анықталған жағдайлар ғана. Ал 234 адамның 170-інің суицид жасауына не түрткі болғаны белгісіз. Қазақстанда өзіне қол жұмсаудың ең жиі қолданылатын әдісі – асылу. 2025 жылдың қаңтарында осы әдіспен 188 адам суицид жасаған. Былтырға қарағанда 2,7% көп.
Бұған қоса, қазақстандықтар суицид жасау үшін улану (11 адам), өткір және кесетін заттарды қолдану (11 адам), биіктен секіру (9 адам) және атыс қаруын пайдалану (5 адам) сияқты тәсілдерді таңдаған.
Фото: ranking.kz
Қайғылы оқиғалар болған жерлер бойынша ең көп жағдай тұрғын үйлерде болған. Мұнда 143 адам өзіне қол жұмсаған. Көшеде 15 адам, жұмыс орнында 3 адам, жертөледе 2 адам, медициналық мекемеде 1 адам қайтыс болған. Тағы 70 адам өзіне қол жұмсауды басқа жерлерде жасаған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бір жылда жұмыс орнында 202 адам қаза тапқанын жаздық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәлімдеуінше, 2024 жылы жұмыс орнында зардап шеккендер саны азайған. Мысалы 2024 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің кәсіпорындарында 1408 адам зардап шексе, 2023 жылы 1474 адам жарақат алған. Яғни бір жылда 4,5% азайды. 2023 жылы 251 жұмысшы қызмет орнында мерт болса, 2024 жылы 202 адам қаза тапты. Бір жылда 18,5% азайды.