Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

КҚК-дегі зақымға байланысты: Қазақстанның Қашаған кен орнынан мұнай бөлігін Қытайға жеткізетіні туралы ақпарат тарады

Каспий құбыр концарциумыФото: pixabay.com

Қазақстан желтоқсан айында алғаш рет Қытайға Қашаған кен орнынан тікелей 50 000 метрлік тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам Украиналық дрон Қаратеңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалын зақымдағаннан кейін қабылданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Каспий құбыр консорциумы әлемдік шикі мұнай жеткізілімінің 1%-ын құрайды және құрамына ресейлік, қазақстандық және америкалық акционерлер кіреді. Тиеу инфрақұрылымының бір бөлігі болып саналатын бір нүктелі швартовка (SPM) шабуылдан зардап шеккендіктен құбыр экспортын қысқартуға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта КҚК үш SPM-нің тек біреуін SPM-1-ді пайдаланады. Өйткені SPM-2 айтарлықтай зақымданған. Ал SPM-3 жоспарлы техникалық қызмет көрсетуден өтіп жатыр.

Мұнай Қашаған кен орнынан әлемдегі ең ірі импорттаушы Қытайға Атасу-Алашанько құбыр желісі арқылы экспортталады. Қашаған мұнайын NCOC консорциумы өндіреді. Оған Қытайдың CNPC және Жапонияның Inpex компаниялары кіреді.

Дереккөздер мәліметінше, CNPC осы маршрут арқылы Қытайға шамамен 30 000 тонна, ал Inpex шамамен 20 000 тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен Қазақстанның Энергетика министрлігі Қашаған мұнайын Қытайға экспорттау туралы пікір білдірмеді. Бірақ Каспий мұнайын жеткізудің қосымша жолдарын іздестіруде екенін растады.

Атасу-Алашанько құбыр желісі Қазақстаннан Қытайдың Синьцзян аймағына өтеді. Бірақ әдетте Қазақстанның басқа кен орындарынан мұнай тасиды. Қашаған кен орны өзінің мұнайының көп бөлігін Қаратеңіздегі Новороссийск портындағы терминал арқылы экспорттайды.



"КҚК-ның теңіз терминалындағы оқиға экспорттың толық тоқтауына әкелмеді. Министрлік өндірушілермен бірлесіп көлемдерді қайта бөлу және балама маршруттарды белсенді қолдану үстінде", – делінген жазбаша жауапта.

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан Қашаған кен орны XIX ғасырдағы қазақ ақыны Қашаған Құржиманұлының атымен аталған. Ол соңғы 40 жылда табылған ең ірі кен орындарының бірі болып саналады.

Қазіргі уақытта Атасу-Алашанько арқылы мұнай жеткізілімдері орташа есеппен айына 85 000–86 000 тоннаны құрап, қосымша экспорт арқылы арттырылуы мүмкін. Қазақстан бұл маршрут арқылы 2025 жылы 1,0 миллион тоннаны жөнелтуді жоспарлаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,2 миллион тоннаны құраған. Биыл алғашқы 10 айда дереккөздердің берген мәліметі бойынша 0,858 миллион тонна мұнай экспортталған.  

Еске салсақ, 29 қарашада Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалына тағы бір шабуыл жасалып, салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы ауыр зақымданған болатын. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 09 Желтоқсан, 2025 14:44