Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызуы көтеріліп, денесі бөртіп кетеді": Қазақстандық ата-аналар балалар арасында энтеровирус өршігенін айтып, дабыл қақты

Фото: threads.com/@bota_mukash

Астаналық әйел екі баласының балабақшада энтеровирус жұқтырып, денесі бөртіп кеткенін айтып дабыл қақты. Айтуынша, балабақшада 15 баланың 10-ы бірінен-бірі жұқтырып, сырқаттанып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жанар есімді желі қолданушысы қазақстандықтарды балаларды бассейн, аквапарк, ойын-сауық орталықтарына апармай, үйден шықпауға шақырды. Оның сөзінше, Астанада энетеровирус өршіп тұр. Екі баласы да вирус жұқтырған.

“Жауапсыз ана энтеровирустың белгілері бар баласын балабақшаға әкелген. Баланың алақаны бөртіп кеткен. Бейсенбі күні баламның жағдайы нашарлап, әлсіреп, қызуы көтеріліп, денесі бөртіп кетті. Сенбі күні ішіп-жеуден, әжетханаға барудан қалды. Балабақшадағы 15 баланың 3-4-і ғана вирустан аман. Ертесі инфекциялық ауруханаға жаттық. Бір жастағы қызым да ауырып қалды. Энтеровирус кезінде баланың аузы стоматит сияқты ойылып қалады. Сондықтан тамақ жей алмайды”, – деп жазды желі қолданушысы.

Астанадағы № 3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директор орынбасары Роза Баженқызы балалар арасындағы энтеровирустың өршіп тұрғанын растады. Дәрігердің сөзінше, ауырып жатқандардың арасында 1 жастағы балалар сирек кездеседі. Жұқтырғандардың көбі – 4-13 жастағы балалар.

“Былтырғы маусым айы мен 2025 жылғы маусым айын салыстырсақ, энтеровирус жұқтырған балалар саны екі есе көп. 2024 жылы науқас саны 172 болса, қазір олардың саны 330-ға жетті. Бұл вирустың салдарынын болатын ішек ауруларының бір түрі. Ауа тамшылары арқылы немесе фекальды-оральды жолмен жұғады. Кез келген жастағы балалар ауырады. Күн жылыған соң балалар өзен-көлдерге, бассейндерге, субұрқақтарға шомылуға барады. Су баланың аузына, көзіне кіреді немесе жұтып қояды. Сондай-ақ науқастардан жұқтыруы мүмкін”, – дейді Роза Баженқызы.

Дәрігердің айтуынша, энтеровируста да басқа вирусты ауру сияқты интоксикация белгілері болады.

“Баланың қызуы 37-ден 39 градусқа дейін көтеріледі. Бүкіл денесінде не бетінде, бөртпе пайда болады. Типтік түрде тараған энтеровиурстың инфекция болса баланың алақаны, аузы, аяғы бөртіп кетеді. Ауыздағы бөртпе баланың тіліне, таңдайына, ернінің үстіне шығып кетеді. Тамағы, таңдайы бөртіп кетсе, бала тамақ іше алмай, жылап, мазасызданады. Бөртпенің түрі де ірі, ұсақ болып бөлінеді. Аздап жөтел болуы мүмкін. Іші өтіп, ауырады. Кез келген органды зақымдауы ықтимал. Энтеровирустың ең ауыр түрі – жүйке жүйесін зақымдайтын менингит. Онда баланың қатты қызуы көтеріліп, басы ауырып, құсады, жүрегі айниды, әлсіреп, тәбеті болмайды. Кішкентай бала болса тырыспасы ұстауы мүмкін. Менингит болса біз жұлын суын зерттейміз. Өкінішке қарай, вирус жұтырғандардың арасында менингит те жиі кездеседі”, – дейді дәрігер. 

Оның айтуынша, менингит яғни, орталық жүйке жүйесіндегі өзгеріс жеңіл түрде өтпейді. Кей жағдайда әр түрлі неврологиялық белгілер көпке дейін қалып қоюы мүмкін. 

Науқасқа диагноз вирустың қай органды зақымдағанына байланысты қойылады дейді дәрігер. Сондай-ақ ол ата-аналарды баланың вирус жұқтыруының алдын алуға шақырды.

“Ауру белгілері байқалса мектепке, балабақшаға жібермеу керек. Бала кемінде 10 күн ем алуы қажет. Дер кезінде дәрігерге көрсетіп, ем-шара жүргізу керек. Балаларға бір ыдыстан су ішуге болмайды”, – деп ескертті Роза Баженқызы.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 12:39
Талқылау