"Басшылары қызметтерін босатсын": Қазақстандық жанкүйерлер Qazsport пен Qazaqstan арналарындағы онлайн трансляциядағы ақауларға шағымданды
www.threads.com желісінен скриншоттар
Жылдың басты футбол оқиғасы деп күткен "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы жанкүйерлерін алаңда ғана емес, эфирде де қатты қынжылтты. Қазақстандықтар Qazsport пен Qazaqstan арналары мен сайттарындағы онлайн трансляцияның дұрыс көрсетілмегеніне жаппай шағымданды. Енді желіде көрермендер бұл жағдай үшін нақты адамдар жауапқа тартылуы керек екенін айтып, пікірлерін ортаға салып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кеше сағат 21:45-те басталған ойынның алғашқы минуттарынан-ақ эфир қатып қалып, үзіліп отырды. Кейбір көрермендерге "Сервер табылмады" немесе "Серверден жауап күту уақыты аяқталды" деген хабарламалар шықты. Qazaqstan, Qazsport телеарналарының ресми сайты да ашылмай жатты.
Осы себепті көптеген желі қолданушысы мәселе интернетте деп топшылады.
“kazakhtelecom_kz директорлар кеңесі мен басқармасын қызметінен босату туралы петиция бастауды ұсынамын”
“Ал kazakhtelecom_kz-ке бөлек алғыс. Интернеттің "арқасында" бізге гол соғылғанын да байқамай қалдық”, - деп жазды желі қолданушылары.
emir_jee нигімен пікір білдірген қазақстандық сайт пен платформада қателер кеткенін айтып, оны алдын алуға болар еді деп санайды.
"Реал Мадридпен" матч кезінде мыңдаған көрермен трансляцияны көре алмады. Жаппай шағым түсті: эфирдегі іркіліс, бейненің қатып қалуы, ал кейбіреулерде мүлде сигнал жоғалып кетті. Негізінде мәселе көрермендердің интернетінде емес, Qazsport архитектурасында болды. Жаңа сайт пен платформа қателермен жасалған. CDN (контент жеткізу желісі) дұрыс бапталмағандықтан, трафиктің бір бөлігі шетелге (Ресей арқылы) бағытталды. Соның кесірінен қатты іркілістер орын алды. Бірақ ЧЛ матчы көрермендер санын күрт арттыратыны алдын ала белгілі еді ғой", – деп жазды көрермендердің бірі.
Пайдаланушылар пікірлерін ашық білдіріп, Qazsport басшылығына қатысты қатаң шара қолдануды талап етті.
“Мен расымен де Qazsport телеарнасының барлық топ-менеджерлерін қызметінен босатуды ұсынамын. Біріншіден, кадр үнемі қатып қалып отырды, бейне бір 2005 жылғы трансляцияны көріп отырғандай әсер қалдырды. Екіншіден, Мбаппе сұхбатты аяқтап кеткен соң, неге (телеарна көріп отырған бізге – авт.) толық экранға қоршауды шығарды? Журналист өз түрінен ұяла ма? Енді комментаторларға келсек. Олардың біреуі: "Еліміздегі әділетсіздікке үйренетін уақыт болды" деді”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Одан бөлек, желі қолданушылары Қазмедиа орталығында уәде етілген трансляцияның да көрсетілмгенін айтып, реніштерін білдірді.
“Бүгін Казмедиада "Қазақстан" телеарнасы трансляция көрсетуі керек еді. Халық суықта көшеде тұрып, ұзақ күтті. Ал матч басталуына бір сағат қалғанда оларға: "LED жанып кетті, үйлеріңе қайтыңдар" деп айтты. Ешқандай дайындық жоқ, ешқандай құрмет жоқ. Бұл ұлттық арна үшін нағыз масқара деп есептеймін”, – деп жазды тағы бір пікір білдіруші.
Еске салсақ, UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі екінші турында қазақстандық "Қайрат" және Испанияның "Реал Мадрид" матчы 0:5 есебімен аяқталды. Қазақстандық команда турнирде жалпы 8 ойында сынға түседі. Оның 4-еуі өз алаңында, 4-еуі сырт алаңда өтеді.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
