Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызмет барысында асхана алдында ұйықтаған": Қызылорда облысында екі полиция қызметінен босатылды

Қызылорда облысында екі полицей кезекшілік кезінде формамен асхана алдында ұйықтағаны үшін ішкі істер органдарынан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Polisia.kz 

Облыстық соттың мәліметінше, талапкерлер жергілікті полиция қызметі кеңсесінің патрульдік полиция ротасы қызметінің инспекторлары болып жұмыс істеген. 2024 жылғы 23 мамырда олар Самара - Шымкент автожолында жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кезекшілікке шыққан.

Алайда сол күні әлеуметтік желіде патрульдік полиция ротасының қызметтік көлігі жолдың шетінде орналасқан асхананың жанында тұрғаны және асхана кабиналарының бірінде патрульдік полиция қызметкерлері ұйықтап жатқаны туралы видео жарияланды.

"Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша талапкерлер өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында немқұрайлық танытты. Қоғамдық орында қызметтік киіммен ұйықтады. Полицияның имиджіне нұқсан келтіретін резонансты видеоның желіге таралуына жол берді. Кезекшілікті атқару барысын толық тіркемей, портативті бейнежетонды негізсіз өшірді", - делінген хабарламада.



Осыдан кейін екі полицей жұмыстарынан босатылды. Дегенмен қызметкерлер бұған келіспей, Қызылорда қалалық сотына тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күшін жою арызымен жүгінді.

"Істі қарау барысында полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындамай, заң талаптарын бұзғаны дәлелденді", – деп атап өтті сотта.

Осыған байланысты қалалық сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Талапкерлер Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсірді. Дегенмен сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырмай, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Талқылау