Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қызының көзінше жұлқылаған: Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінде көпбалалы ананы полиция ұстап әкетті (видео)

Фото: Видеодан скрин

24 сәуірде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен №209 мектеп-гимназияда кездесу өткізді. Жиын кезінде полиция белсенді, көпбалалы ананы ұстап әкетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақпаратты Ирина Ким есімді Facebook қолданушысы мәлімдеді. Оның айтуынша, көпбалалы ана Ақжол сағат 8:15-те мектепте жиында болған. Алайда аз уақыттан соң бөлім меңгерушісі мен білім ордасының директоры шақырып алған. 

“Ақжолдың баласы №209 мектеп-гимназияда оқиды. Соның сабағына қатысты сөйлесеміз деп сыртқа шақырып алған. Көпбалалы ана ішке қайта кірмек болған кезде есік алдынан екі полиция қызметкері тоқтатты. Ақжол қызы мен сөмкесінің іште қалғанын, кездесуге келгенін түсіндіруге тырысты. Дегенмен полиция қызметкерлері оны қолынан ұстап, Алатау облыстық полиция басқармасына әкетті. Олар Ақжолды жай ғана ұстап, кездесу аяқталған соң босатып жіберді”, –дейді Ирина Ким. 

Скрин Facebook Ирина Ким

Желі қолданушысы әкімнің Әуезов ауданындағы тұрғындармен кездесуінде қызметкерлердің  сұрақ қоюға мүмкіндік бермегенін айтты. 

“Жалған кездесулер не үшін керек? Әуезов ауданында өткен жиында Аида Бұқаева екеумізді микрофонға жақындатпады. Жарайды, біз Әуезов ауданының тұрғыны емеспіз. Бірақ Ақжол Ақкентте тұрады. Ол осы ауданда тұратын әлеуметтік осал топтар санатындағы балалармен жұмыс істейді. Неліктен ол әкімге сұрақ қоя алмайды. Полиция қазір бас мұғалімнің арызы бойынша Ақжолға қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Өйткені, Ақжол тәртіпсіздік жасапты-мыс”, – деп жазды Ирина Ким.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді. 

Олардың мәліметінше, әкімнің Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде жиналғандардың бірі қоғамдық тәртіпті бұзды

“Ол тыныштық сақтау талаптарын елемей, балағат сөздер айтып, заттарды лақтырған. Аталған дерек бойынша мән-жайды анықтау үшін азаматша полиция бөліміне жеткізілді. Нәтижелері бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады. Қоғамдық тәртіпті сақтау, айналадағыларды және заңды құрметтеу – әлеуметтік өзара әрекеттестіктің негізі. Азаматтарды жауапкершілікке және белгіленген нормаларды сақтауға шақырамыз”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматылықтар Досаевқа колготка мен белдемше киген еркектердің үстінен шағымданғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 18:30
Талқылау