QSI элиталық мектебінде оқушы өзіне қол жұмсамақ болған: Әкесі мектеп басшылығын буллингті елемеді деп айыптады

Қазақстандық кәсіпкер Қанат Амиркин Алматыдағы QSI халықаралық мектепте буллингтің салдарынан қызының өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы жазды. Ол мектеп басшылығын балалар арасындағы буллинг туралы білсе де, оған көз жұмды деп айыптап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қанат Амиркиннің айтуынша, оған хабарласып мектептегі қызын ауруханаға апара жатқаны туралы айтқан.
“Қымбат мектеп жақсы деген сөз емес. Мен бір жыл бойы қызыма буллинг жасалып жатқанын айтып, мәселені көтеріп, оның шешімін табуын сұрадым. Бірақ олар жұмысбастылықты сылтау етіп, мәселені шешудің орнына оны көрмегендей, білмегендей болды. Бүгін біз қабылдау да, кешіру де мүмкін емес жағдайдың куәсі болып отырмыз: мектепте өзіне қол жұмсауға ұмтылған. Менің қызым қазір жансақтау бөлімінде жатыр”, – деп жазды Қанат Амиркин.
Оның сөзінше, өзі мектептегі буллинг мәселесі бойынша басшылыққа бірнеше рет барған. Алайда мектеп басшылығы ата-ананы қабылдаудан бас тартқан. Ол қызының не себепті мектепке барғысы келмейтінін сұрап, түсінгісі келген.
“Бала дұрыс жауап бермесе сыныптастары күліп, оны мазақ етеді екен. Ал мұғалім оларды тыймайды, шектеу қоймайды. Кейде тіпті үнсіз қалып, мазақ еткен балаларды қолдайтын сияқты болып көрінеді. Бұл жағдай америкалық мектепте болып жатыр. Бүгін ашу қысып мектепке бардым. Себебі балам жансақтау бөлімінде жатқанда сабырлық танытып сөйлесе алмайсың. Басшылықтан адекватты сөйлескен тек бір адам болды. Қалғандары жоғарыдан қарады. Маған олар ата-ана өз баласы үшін қауіпсіздікті талап еткендіктен ақталу керек сияқты көрінеді. Мисс Махон маған қарап абориген көргендей, көзінің астымен қарады. Олар өздерінің мектеп оқушысы өліп кетуі мүмкін екенін түсінбей тұрған сияқты. Ең қорқыныштысы – маған айтылған аргументтер. “Еліңізде өзіне қол жұмсау көрсеткіштері жоғары… біз не істей аламыз?” Бұл жылына 25 000 доллар төлеп оқытатын мектептің оқушыға көрсеткен қамқорлығы ма”, – делінген жазбада.
Мектептегі бейнекамералар туралы сұрағанда жекеменшік мектептегі сыныптарға камера қойылмайтынын айтқан. Оқушы қыздың әкесі бұл жағдайдан кейін үнсіз қалмайтынын, тергеуді, нақты шаралар қолданылуын талап ететінін жеткізді.
“Кім мазақтады, кім көрді, кім жасырды, кім тоқтатпады, жауапты бола тұра кім әрекет етпеді? Иә, егер мектеп түк болмағандай кейіп танытса, мен мәселені ашық көтеремін, жекеменшік мектептерде педагогтарды аттестаттау жүйесін енгізуді талап етемін. Өйткені олар шеткен тыс пайда тауып отыр, субсидия алады, салықтан босатылған, бірақ білім мен тәрбиеге уақыт жоқ. Бүгін менің балам жансақтау бөлімінде жатса, ертең оның орнында басқа адам болуы мүмкін”, – деп жазды кәсіпкер.
Сондай-ақ ол мектептегі буллингтің бастамашысы экс-әкімнің қызы деп жазды.
Осы тұста Stan.kz редакциясы Алматыдағы QSI халықаралық мектепке хабарласып, жағдайдың мән-жайын сұрады. Алайда мектеп қызметкерлері жауап беруден бас тартты.
Болған жағдайға қатысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жауап берді. Ведомство оқиғаның себебі анықталып жатқанын жеткізді.
“Оқиға орнына мамандар мен білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласының Психологиялық қолдау орталығының мобильді тобы шұғыл жіберілді. Баланың психологиялық жағдайына жеке қолдау көрсетіледі. Медициналық мекемеден шыққаннан кейін баланың жағдайы динамикалық бақылауға алынады. Балалардағы суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте анықтау және осындай жағдайлардың алдын алу үшін мектеп әкімшілігіне педагогикалық ұжыммен профилактикалық жұмыс жүргізу ұсынылды. Оқиға өкілетті органдардың бақылауында”, – деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.
Полиция болған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.
“Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жауапты тұлғаларға құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша беріледі. Процестік шаралар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады”, – деп мәлімдеді Алматының полиция департаменті.
Forbes.kz-тің дерегінше, QSI халықаралық мектебінің жылдық табысы шамамен 6,44 миллиард теңге. Оқу ақысының орташа айлық құны – 1,4 миллион теңге.
Білім ордасының негізін қалаушы – Джеймс Гилсон. Алматыда 1993 жылы ашылған QSI халықаралық мектебі – халықаралық мектептер желісінің бір бөлігі. Мектептің ресми сайтында онда негізінен шетелдік компаниялар қызметкерлері мен дипломаттардың балалары білім алады деп көрсетілген.
Айта кетейік, отандық кәсіпкер Қанат Әміркин Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұржан Нұрланов өзінен “Алатаудорстрой” компаниясын тартып алып, одан үлкен сомада ақша талап еткенін айтқан еді. Сөйтіп Нұржан Нұрлановтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алайда қылмыстық кодекстің 389-бабының 3-бөлігі (Озбырлық) бойынша алдын ала тергеу басталғанымен Нұржан Нұрланов күдікті ретінде танылмады.