Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық 20 тұрғын алаяқтықпен сатылған көліктерінен айырылып қаламыз деп алаңдаулы

Қызылордада жиырмаға жуық адам қымбат көліктерінен айырылып қалуы мүмкін. Себебі автокөліктердің қолдан қолға өтіп, алаяқтық жолмен сатылғаны анықталды. Темір тұлпарды қарызға алған азаматтар әділдік іздеп, кімнен көмек сұрарын білмей әлек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Гүлімшат Еркін армандаған көлігіне қол жеткізу үшін қомақты қаржыға несие рәсімдеген. Сатушыға 12 миллион теңгені санап бергені оның көлікті тізгіндегеніне көп уақыт болмаған. Өйткені машинасы алаяқтықпен айналысқан “Сұңқар авто” салон иелерінің қылмысына қатысы бар болып шыққан.

“Бізге қалалық ішкі істер басқармасынан хабарласты. Олар біздің көлігіміздің шанақ нөмірін тексереміз деп автотұраққа қойды. Бұл өзінің жеке мүлкін “Сұңқар автоға” өткізген. Одан кейін “Сұңқар автоның” егесі бір адамға сатқан. Одан кейінгі адамнан мен сатып алып тұрмын. Заңды....Енді машинам төрт айдан бері айппұл тұрағында тұр”, – дейді жәбірленуші.

Жәбірленушілердің көлігін алып, қаражатын қайтармай қойғаны үшін сотталып кеткен автосалонның иелері көліктерді жеке азаматтарға сатқан. Ал олардан өзге тұрғындар адал жолмен сатып алған. Бірақ сот автокөліктерді салон иелеріне алданып қалған бастапқы жәбірлернушілерге қайтарып беру керек деген үкім шығарыпты. Соның кесірінен үшінші рет сатып алған жиырмаға жуық тұрғын көліктен де, ақшамыздан да қағылдық деп күйінеді.

“Маңдай терімізбен алған. Біреу несиемен алған. Мен өз басым жинаған ақшама алдым. Біреуге беріп қоя алмайды екенмін. Мен бала-шағам үшін алған көлігімді неге біреуге беріп қоюым керек?” – дейді ашынған Гүлсара Игенова.

Үкім әлі күшіне енбеген. Сондықтан істің ақ-қарасын азаматтық сот арқылы анықтауға болады дейді сот өкілдері.

“Қылмыстық кодекстің 414-бабы, 3-бөлігіне сай соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да сот актісіне шағым жасауға құқылы”, – деді Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Қазір көліктер айып тұрағында. Ал тұрғындар алған көліктерін тізгіндемесе де, банкке несие төлеп отыр. Сондықтан әділ шешім іздеген жандар жоғарғы сотқа дейін шағымданбақ.

Талқылау