Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордадағы ЖЭО-ны жөндеуге үкіметтен 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді

Фото: ktez.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда қаласындағы Оңтүстік қазандығының үш бу қазандығын реконструкциялау жобасын іске асыруға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, қаражат Қызылорда қаласы тұрғындарын орталықтандырылған жылумен жабдықтауды 3 көзден: негізгі ЖЭО, Оңтүстік және автономды қазандықтар арқылы қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын "Қызылорда жылу электр орталығы" МКК-ға бағытталады.

“Қазір Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары апатты жағдайда және резервтік қуатсыз жұмыс істеп тұр.

Оларды реконструкциялау жобасын іске асыру 2024 жылы басталған, үкімет резервінен 2,04 млрд теңге, облыстық бюджеттен 655 млн теңге бөлінген еді. Осы кезеңде суды химиялық тазарту қондырғыларын ауыстыру, ескі қазандықтарды бөлшектеу, сондай-ақ жаңа жабдықтар жасау үшін зауытқа өтінімдер беру бойынша жұмыстар орындалды”, – делінген ресми хабарламада.

Жобаның аяқталуы алдағы жылыту маусымына дайындалуға және қаланың оңтүстік бөлігі тұрғындарын: 197 көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 73 әлеуметтік және 69 шаруашылық нысанды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Бұған қоса үкімет өкілдері "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында өңірде жылу желілерін жөндеу бойынша 4 жобаны іске асыру көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 19 Мамыр, 2025 09:40
Талқылау