Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық миллионер Қызылордада қарасора өсірмек

агроөнеркәсіпФото: pixabay.com

Қызылорда облысында швейцариялық Harvest Agro компаниясы ірі агроөнеркәсіптік кластер салуды жоспарлап отыр. 51 миллиард теңгеге бағаланған жоба аясында техникалық кендір, жүгері және соя өсіріліп, өңделеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компания Harvest Group SA холдингінің құрамына кіреді және қазақстандық кәсіпкер Алмаз Альсеновке тиесілі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі швейцариялық Harvest Agro компаниясының агроөнеркәсіптік кластері болатынын мәлімдеді. 

Кешен құрамына егіс алқаптары және техникалық кендір, жүгері мен сояны өңдейтін кәсіпорын кіреді. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 51 миллиард теңге болады. Сонымен қатар компания 40 миллиард теңге болатын жүгеріні өңдеу жобасын да іске асырады.

"Олар 20 мың гектар жерге түрлі дақылдар егіп, зауыт салады. Компанияда кендір өсіруге лицензия бар. Ол медициналық мақсатта, сондай-ақ киім-кешек пен әскери қажеттіліктерге арналған арқан секілді материалдар өндіруде пайдаланылады", – деді облыс әкімі.

Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 60 мың тонна өнім шығармақ. Жобаны іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру барысында су үнемдеу технологиялары қолданылатын болады.


Қазақстанда шетелдік және отандық инвесторлар 2,5 трлн теңгеге сегіз зауыт салады


Тұрғындар жайылым жердің қытайлық компанияға берілуіне қарсы шықты: Облыс әкімі жерлердің тек жалға берілетінін айтты


Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында да соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және агросаланы жандандыру жұмыстары күшейтілгенін жазған едік. Өңір аграрлық өндірістің өсу қарқынын сақтап, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мен инфрақұрылымды дамыту басым бағыттардың бірі болып отыр.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 15:11