Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана үйіне кіре алмай отыр

Қызылордада мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана үйіне кіре алмай отырФото: Видеодан скрин

Қызылордалық жалғызбасты анаға “Отбасы банк” су жаңа пәтер берген. Кезегі жетіп, жоғарғы қабаттан пәтерлі болғанымен, әйел үйіне кіре алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған анаға берілген тұрғын үйде жеделсаты болмай шықты, арбамен көтерілуге жағдай жасалмаған екен. 15 жастағы ұлының тірек-қимылы бұзылған, әрі қос жанары көрмейді.

Перизат Оржанованың кішкентайынан сал ауруына шалдыққан ұлы және тағы бір қызы бар. Бұл отбасы 12 жылдан бері осы апатты жағдайдағы уақытша баспанада күнелтіп жүр. Жалғызбасты анаға жаңа жыл қарсаңында мүгедек күтушісі санаты бойынша үй кезегі келген. Бірақ бұл жаңалық ананы қуанта қоймапты. Өйткені “Отбасы банк” арбаға таңылған ұлымның бар екенін біле тұра бесінші қабаттағы пәтердің кілтін қолыма ұстатты дейді.

“Қазір тұрып жатқан үйім – уақытша баспана. Облыс әкімдігі берген. Мен я анда емеспін, я мына жақта емеспін. Екі ортада тұрмын. Не көшіп бара алмаймын, не мынаны босатып бере алмаймын. Бесінші қабатқа І топтағы мүгедек баламмен мініп-түсу мүмкін емес. Ол таза ауа жұтады, күнделікті емі бар”, – дейді Перизат Оржанова.

Отбасы банкінің өкілдері көпқабатты үйде жеделсаты қарастырылған деп көрсеткен екен. Алайда арбамен көтеріліп түсуге мүлдем жағдай жасалмаған. Тіпті баспалдақтары да өте тар. Ал банк өкілдері жалғызбасты әйелдің жағдайынан хабардар екен. Олар пәтер кезегі автоматты жүйе арқылы реттелген деп ақталды.

“Бізде жалдамалы тұрғын үйлерді автоматты түрде, адами факторсыз, жүйе арқылы бөлінеді. Бұл кісіге сондай қолайсыз қабат бөлініп отыр. Егер қазір арыз жазса, сол арқылы бұл кісінің дерегі жойылып, кезегі сақталады. Бұл кісі әлі атына толыққанды жалға алу шартын жасаған жоқ. Сондықтан келесі объектіні міндетті түрде жүйе қарастырады”, – дейді Отбасы банк Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Дастан Тасыбаев.

Бірақ қала тұрғыны кезек тағы ұзаққа созылып кете ме деп уайымдайды. Ал қазір мемлекет берген жаңа пәтерінің игілігін көре алмай, тек сыртынан қызығып жүр.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 09:57