Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада қатарластары студент қызды аямай ұрған: Жәбірленушінің туыстары әділдікті талап етеді

Қызылордада 16 жастағы бойжеткенді бір топ қыз соққыға жығып, денсаулығына залал келтірді. Қазір колледж студенті «Бас миының шайқалуы» диагнозымен ауруханада ем алып жатыр. Құзырлы орган қызметкерлері дене жарақаттары деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасын тағайындаған. Алайда жәбірленушінің туыстары кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқыс жағдай кешкі уақытта болған. Үйінде отырған студентті бір бөлімде оқитын қатарлас қыздары далаға шығарып, аямай соққыға жыққан. Зардап шеккен қыз амалын тауып үйіне кірген соң  болған жағдайды анасын баяндап берген. Жақындары жедел-жәрдем шақырып, құқық қорғау органдарына жүгінген.

«Менің сіңлімді үш қыз аяусыз соққыға жығып, видеоға түсіріп тұрыпты. Бастапқыда жедел жәрдем қызметкерлері сіңлімді ауруханаға жеткізген. Емдеу мекемесіндегі дәрігерлер алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, үйіне қайтарған. Алайда емхана травматологы «Бас миының шайқалуы» диагнозын қойып, дереу ауруханаға жатқызуға жолдама берді. Қазір сіңлім мамандардың бақылауында. Қыздардың не себепті төбелес шығарғанын білмейміз», - дейді жәбірленуші қыздың әпкесі Үміт Есендікова.

Зардап шеккен студенттің анасы құқық қорғау органдарына арызданған. Ауруханада жатқан жасөспірімнің жақындары үш қыздың да заң алдында жазаларын алғанын талап етеді.

«Сіңлімнің жағдайына байланысты Қызылорда қалалық полиция басқармасы бастығының қабылдауында болдым. Ол кісі мәселені назарына алғанын айтты. Енді істің әрі қарай қалай тергелетіндігі белгісіз. Сіңлім ауруханадан шыққаннан кейін, дәрігерлердің берген анықтамасына қарай шешім қабылданатын болады. Біз күдікті жасөспірімнің біреуінің әкесі полиция қызметкері деп естідік. Егер бұл ақпарат рас болса, «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» болатыны анық», - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Үміт Есендікова.

Аталмыш факті бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі пікір білдірді.

“2006 жылғы кәмелет жасқа толмаған жәбірленуші жарақат алған. Аталған оқиға бойынша анасынан арыз алынып, одан бөлек жәбірленушінің алған дене жарақатын анықтау мақсатында  жинақталған құжаттар сот медициналық сараптамасына жолданған. Қазіргі таңда, кәмелетке толмаған істері жөніндегі бөлімшемен тексеру жұмыстары жүргізілуде”, - деп мәлімдеді құзырлы орган қызметкерлері.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 31 Қазан, 2022 13:12
Талқылау