Қызылордада дәрігерлер толғақ қысқан әйелге 11 сағат көмектеспей, рұқсатсыз жатырын алып тастаған
Фото: Видеодан скрин/Айзат Болатбек
Қызылорда тұрғыны 25 жастағы Айзат Болатбек енді ана болу бақытын енді сезіне алмайтынына қапалы және бұған ешкімнің рұқсатынсыз жатарын кесіп алып тастаған дәрігерлердің жазалануын талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ай-күні жетіп, толғақ қысқан Айзат перзентханаға өз аяғымен барған. Бірақ дәрігерлер келіншектің қиыналғанынан қарамастан 11 сағат бойы шарасыздық танытқан. Айтуынша қызын дүниеге әкелген соң, құрсағынан қан кетіп қатты қиналған. Жанына бататыны, дәрігерлер ешкімнің рұқсатынсыз жатырын кесіп алып тастаған.
“6 сағат операцияның қорытындысымен ана болу бақытынан айырылып қалдым мәңгі бақиға. Менің рұқсатымсыз. Менің анам, туыстарым бәрі жүрді сол жерде. Бірақ ешкімнен рұқсат алмаған. Дәрігерлерді кінәлаймын”, – дейді Айзат.
Ақхалаттыларға қатысты полиция тергеу бастаған. Бірақ тергеу бір жылға созылып, аяқталмай жатыр. Бес тергеуші істі соңына дейін жеткізбей, ауысып кеткен.
Полиция “медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамау” бабымен қозғалған іс әлі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал тергеудің ұзақ уақытқа созылуына сараптама қорытындыларының толық шықпағаны себеп деп отыр.
“Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 2-бөлігімен іс тіркелген. Қылмыстық іс бойынша бірнеше сараптамалар тағайындалып, сол сараптама қорытындысы күтіп отырсыз. Тергеу амалдары жалғасып жатыр”, – деп мәлімдеді Қызылорда қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абдулахат Атакаев.
Бір жыл бойы құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырған келіншек әлі еш нәтиже болмай жатқандықтан тергеу бармақ басты, көз қысты әрекеттен тоқтап қала ма деп алаңдайды.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
