Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада 16 жастағы қызды сексуалдық құлдықта ұстаған тағы бір күдіктіге сот үкімі шықты

Қызылорда облысында кәмелет жасқа толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген күдіктіге сот үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы К.-ға қатысты қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі 2-тармағына (Кәмелетке толмаған азаматты жезөкшелікпен айналысуға тарту) сәйкес, сондай-ақ қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) қылмыстық іс қаралды.

Айыпталушы жәбірленушінің кәмелет жасқа толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар бірнеше рет жәбірленушілер К., О., К.Г., Д.-лардың сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатқан. Тіпті облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер өз кезегінде прокурордың бұл шешімімен келісті. 

Сотталушының адвокаты айыпталушыны қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша ақтап, алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады.



“Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді. Сот қылмыскердің кішкентай балаларының барын және бұрын-соңды сотты болмағанын ескеріп, мұны жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды. Қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушы қылмыстық кодекстің 134-бабтың 3-бөлігі 2-тармағында және 190-бабтың 3-бөлігі 4-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды”, – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, қазір облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-тармағы (Жеңгетайлық) бойынша 2 іс, қылмыстық кодекстің  299-бабы 3-тармағы (Есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха аталмыш іс бойынша 13 күдікті ұсталғанын мәлімдеді. Сексуалды құлдықта болған 16 жастағы қыз сараптама кезінде қысым көргенін айтып шағымданған еді. 

Бұған дейін бұл іс бойынша сот үкімімен Т "бопсалау" бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот сотталушыны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сотталушының бұған дейін соттылығының болмауы және жігіттің жасы (21 жас) жеңілдететін жағдайлар болып танылған.

Талқылау