Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында үлестерін ала алмай жүрген шаруалар ауыл әкіміне шүйлікті

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жер дауы ушықты. Жүздеген тұрғын күріш егумен айналысатын қожалықтағы жер үлестерін ала алмай жүр. Айтуларынша, шаруашылықтың төрағасы түскен пайданы не халықпен бөліспейді, не ауылға жағдай жасамайды. жерге өнім еккен халық аудан әкімі бізге кедергі келтіріп отыр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Жер үлестеріне қол жеткізе алмай жүрген ІІІ Интернационал ауылының тұрғындары наразылыққа шықты. Айтуларынша, “Достық жер МК” қожалығына үш жыл бұрын төраға келгелі халықтың жағдайы қиындаған. Олар басшының күріштен түскен пайданы өз жақындарына береді дейді. Сондай-ақ егіншілерге соңғы айлардың жалақысы да төленбеген көрінеді.

“Адамның құқығын  таптайтын мұндай бастықтарды бұған дейін көрген жоқпын. Өзінің туыстарына ғана құрмет көрсетеді. Басқалар сияқты бір сиырды ұстауға халіміз жоқ. Дивиденд дегенді көрген жоқпыз”, – деді үлескер Ақшагүл Созақбаева.

200-ден астам үлескер өздеріне тиесілі мыңнан астам гектар алқапты қайтарып алу үшін заңға сәйкес барлық құжатын рәсімдеп қойған. Енді тек аудан әкімі жерді бөліп беру туралы қаулы шығару керек. Алайда шенеунік бұл мәселені созып келеді дейді.

“Қазір енді біздің жерді бөліп алу туралы қағаз аудан әкімінде тұр. Бірақ аудан әкіміне барсақ, “төрағаға бар” дейді. Төраға инвесторға жібереді. Инвестор облысқа жібереді. Облыс қайтадан аудан деп халық кәдімгі футбол добы болды. Біз түбіне жете алмай жатырмыз”, – деді үлескер Алтай Мұсаханов. 

Ал жауаптылар құжаттарды егжей-тегжейлі тексеріп жатқандарын айтты.

“Басшылық тарапынан шаруашылық төрағаларын шақырып сөйлестірдік. Енді ол жақтың “Достық жер МК” шаруашылығының келісім парағы керек. Бұл жағдай бізде бақылауда тұр. Құзырлы органдардың бақылауында тұрі. Ол жерде ешқандай мәселе болады деп ойламаймыз. 19 қарашаға дейін заңдылық мерзіміміз бар”, – деп мәлімдеді Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаров.

Үлескерлер аудан басшылары жерімізді қайтармас үшін әр нәрсені сылтау етіп отыр деп күдіктенеді. Өйткені шенеуніктер "үлестеріңді аласыңдар" деген былтырғы уәдесі де орындалмады дейді. 

Талқылау